Атырау, 19 желтоқсан 11:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

Профессор ана мен бала өлімі туралы пікірін айтты

2 686 просмотра

Жыл басынан бері Атырау облысында 7459 бала дүниеге келді, оның 52-сі өлі туылды. 1 жасқа дейінгі 69 нәресте шетінеді. Бұл сандар өңіріміздегі сәбилер өліміне қатысты ахуал талқыланған облыстық ауруханада өткен жиналыста айтылды.

Жиналыс Денсаулық сақтау министрлігі комиссиясының келу сапарының қорытындысы бойынша өтті. Өңірлердегі сәби өлімі көрсеткіші бойынша біздің облыс 5-ші орында тұр. Бұл ең нашар орын болмаса да, мұның қашан да қасірет екенін түсіну керек.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа ЕРҒАЛИЕВА негізгі проблемалардің ішінде орталықтандырылған зертханалық-диагностикалық қызметтің жоқтығын атады. Оның пікірінше, дәрігерлер дұрыс диагностикалық қызмет болмағандықтан ешқашан дұрыс емдемейді.

Бактериологиялық зерттеуге қатысты да проблема бар. Мұндай зертханалар жоқ немесе олардың деңгейі төмен. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары республика бойынша «Олимп», «Инвиво» және «Инвитро» зертханаларымен келісімшарт жасайды.

- Егер біз жеке фирмаларға сүйенсек, олардың алдына белгілі бір мәселені қойып, сапалы диагностиканы талап етуіміз керек немесе өзіміздің мемлекеттік орталықтандырылған зертхана құруымыз керек. Бүкіл өңірде осындай зертханалық қызметті құру шынымен мүмкін емес пе? - деп сұрады М.Ерғалиева. - Мысалы, Ақтөбеде мынадай жағдай болды. Сәби өте ауыр халде болды. Анализді «Олимпте» тапсырды, ол 3-4 күнде шығады. Ал сәбидің жағдайы ұзақ күтуге келмейді. Тексерудің ұзақ болу себебі - Ақтөбеде алынған қанды Алматыға жеткізу керек. Ол жеткенше көп уақыт кетеді әрі материалдың қандай жағдайда жеткізілетіні де белгісіз. Нәтижесі шыққан кезге дейін сәби тірі қалмайтын жағдайлар да болады. Бұл өте өзекті мәселе. Бактериологиялық зерттеу болмаса неонатологиялық қызмет дұрыс жұмыс жасай алмайды. Ана мен бала емделетін жерде қарапайым емес, нәтижесі бір күнде шығатын автоанализаторы бар бактериалды зертхана болуы керек. Жаңа туған нәрестеге сепсис диагнозын қою үшін 10 күн күтуге болмайды, өйткені осы уақыт ішінде ол өліп кетуі мүмкін!

Оның пікірінше, перзентхана штатында клиникалық эпидемиолог болуы керек. Ал тәуелсіздікті сақтау үшін ол мекеменің бас дәрігеріне емес, қамқоршылар кеңесіне бағынуы керек.

Сондай-ақ, ол облыс орталығының өзінде жүкті әйелдерге ультрадыбыстық диагностика уақытында және тиісті деңгейде жүргізілмейтінін атап өтті.

- Атырауда ультрадыбыстық диагностика дұрыс жүргізілмейтіні және туа біткен даму ақаулары анықталмайтынын байқадым. Аудандарды айтпай-ақ қояйын. Жалпы, жергілікті дәрігерлер перзентханаға тексеруден өтпеген әйелді жібереді. Мысалы: әйел 10 апталық мерзімде тіркеледі, ал неліктен екені белгісіз, оған 29 аптадан кейін ультрадыбыстық зерттеу жасалады. Қалай дегенмен де, оның амбулаториялық картасында ерте жасалған УДЗ нәтижесі жоқ. УДЗ туа біткен жүрек ақауын көрсетеді. Нәресте шала туылды, салмағы 1118 грамм, түрлі даму ақауы көп: асқазан-ішек жолдары, жүрек-қан тамырлары жүйесі, Эдвардс синдромына күдік бар, ал бұл өте ауыр диагноз, УДЗ кезінде оны осындай мерзімде байқау қиын.

Емхана деңгейінде балалармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстың нашарлығы да балалар өліміне себеп болып отыр. Геморрагиялық бұзылулардан болатын өлімнің көбейгені байқалады, бұл патронаттық қызмет жұмысының нашарлығын көрсетеді. Патронаж бен жалпы тәжірибе дәрігерінің әдеттегі тексеруін, неліктен екені белгісіз, тең көреді.

- Біз бұған медицина ұйымдарының қызметкерлерімен сөйлескен кезде көз жеткіздік. Мен үш жеке емханада болдым, ол жерлерде профилактикалық жұмыстарға мән берілмейді. Аллергиясы бар және анафилактикалық шок алған балаларға екпе кабинеттері медициналық көмек көрсетуге дайын емес. Бұл мәселе ойластырылмаған болса, медицина мекемесінің басшысы қалай тыныш ұйықтайды?! Әр екпе егу кабинетінің қызметкері шұғыл көмек көрсету тәсілін жатқа білу керек.

Ал бізде бірі болса, бірі жоқ. Бір кабинетте супрастин де, басқа антигистамин препараты да жоқ, - деді Ерғалиева. – Қызметкерлер олар анафилактикалық шок кезінде қажет емес дейді. Бірақ бұл орын алуы мүмкін ең жаман нәрсе. Квинке, есекжем ісінуі мүмкін, ол одан әрі тыныс алу жолдарын бітеп тастайды. Мұндай жағдайда антигистамин дәрілерді беру керек. Вакциналаудан кейінгі ерте және кеш асқынуларды сипаттайтын вакциналау туралы дәлме-дәл ақпараттық келісім мәтіні жоқ. Қызметкерлер бәрін толтырамыз дейді, бірақ тек бір парақ алып келді, ол да формаға сай емес.

АУДАНДАР ҚОРҚАДЫ

Біздің облыста ана өліміне қатысты қайғылы жағдай бұрыннан қалыптасқан. Қайғылы жағдай көбіне облыстық перинаталды орталықта және қалалық перзентханада орын алады. Өйткені әйелдердің 60%-ы сол жерде босанады. Жылыой, Құрманғазы және Қызылқоға аудандарындағы екінші деңгейлі перзентханаларда әйелдердің 24%-ы, басқа аудандардағы бірінші деңгейлі мекемелерде 16%-ы босанады.

Шын мәнінде, бәрі керісінше болуы керек: облыстық перинаталды орталыққа ең күрделі деген жағдайда жіберу керек. Ал статистика бойынша, бізде күрделі жағдайда босанғандар әлдеқайда көп болып шығады. Дегенмен, аудандарда сәл нәрсеге бола, босанатын әйелдерді Атырауға жіберіп, алдын ала сақтанатын болар. Бұған таң қалуға болмайды. Мысалы, Қызылқоға ауданында реаниматолог-анестезиолог, Индер ауданында акушер-гинеколог, Махамбет ауданында неонатолог жоқ.

Жағдайды жақсарту үшін профессор Ерғалиева бірқатар шараларды ұсынды. Атап айтқанда, Атыраудан Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің филиалын ашу, өңірімізге консультативтік-практикалық көмек көрсету үшін резиденттерімен бірге кафедраның білікті мамандарынан құралған мультитәртіптік көшпелі бригадасын іссапармен жіберу; Дәрігерлер мен резидентура даярлауға жергілікті бюджеттен грант бөлу; Облыстық перинаталды орталық базасында оқу орталығын ашу, аудандардың мультитәртіптік командасын оқыту кестесін құру, облыстың шалғайлығын ескере отырып, жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету және бағдарлау алгоритмін жасау; Босанатын әйелдерге дәрігерлік жәрдем беретін мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, бактериологиялық зертхана ұйымдастыру.

Мұның бәрін профессор, жетекші маман М.Ерғалиева айтты да кетіп қалды. Біздің ақ халаттылар естіді деп үміттенеміз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 маусым 2021, 11:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.