Ортақ зейнетақы қоры Ұлттық банктің емес, ҚР Үкіметінің жанынан құрылуы тиіс. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Ортақ зейнетақы қоры Ұлттық банктің емес, ҚР Үкіметінің жанынан құрылуы тиіс. Бұл мүдделердің қайшылығын болдырмайды. Яғни, біз зейнетақы қорының иесі бола тұрып, сонымен қатар, реттеуші қызметін атқара алмаймыз. Ең абзалы – бұл қорды Қаржы министрлігінің жанынан құру», - деді Г. Марченко.
Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы сыртқы активтерге салынатын қаржы көлемі Ұлттық банкке басқару үшін берілуге болатынын мәлімдеді.
«Ал ішкі нарыққа салынатын қаржыға келсек, ортақ зейнетақы қоры басқару компаниялары арасында тендер жариялау арқылы бұл қаржының акция немесе облигация, болмаса басқа қаржы құралы арқылы ішкі нарықта пайдаланылуын қамтамасыз етпек. Қаржының жұмсалуын ҚР Ұлттық банкі реттеуі керек. Алайда, мұның бәрі әлі талқылану үстінде», - деді Г.Марченко.
Ұлттық банк төрағасы қазақстандықтардың ақша сақтау жүйесі жайлы тағы да айтып өтті.
«Біз отандастарымызға ақшаның жартысын теңге валютасында, жартысын басқа валютада сақтау керектігін 14 жыл бойы айтып келеміз. Зейнетақы қорының салымшыларына да айтарымыз осы. Бұл Елбасының қаржының жартысы инфрақұрылымды дамыту керектігі туралы қойған тапсырмасын орындауға септігін тигізбек» , - деді ол.
Оның мәлімдеуінше, Ұлттық банкке басқару үшін берілген қаржы үшін банктің өзі тікелей жауапты болады. Ал, ішкі нарықтағы жағдай ортақ зейнетақы қорының жұмысына байланысты өрбімек.
Дереккөз: bnews.kz