Клубтың мекемесінде өткен студенттік кеште рок топтары өнер көрсеткен. Өрт музыканттар сахнада петарда жаға бастағаннан кейін басталды. Аздаған уақыттың ішінде жалын бүкіл клубты шарпыды, келушілер арасында үрей басталды.
Қалалық өрт сөндіру қызметінің басшысы Гуидо де Мелоның сөзіне қарағанда, клубтан шыға беріс есік тек бір жақтан болған, қаза болғандардың басым дені қыспаққа алыну мен тұншығудан мерт болған.
150 адамның мәйіті танылды. Жүздеген адам түрлі жарақаттар алды.
Қайғылы оқиға орын алған кезде Kiss клубында екі мыңнан астам адам болған.
Бразилия Қорғаныс министрлігінің өкілдері түнгі клубта болған өрттің салдарынан көз жұмған адамдардың нақты санын анықтады, деп хабарлады Ресей «Жаңалықтар» агенттігі.
Соңғы мәліметтер бойынша, 232 адам мерт болды, 131-і жарақаттар алды. Бұған дейін 245 адамның көз жұмғаны жөнінде хабарланған болатын. Қаза болғандардың ішінде 120 ер адам мен 112 әйел бар.
Анықталғандай, түнгі клуб лицензиясыз жұмыс істеген.
Дереккөз: inform.kz