Атырауда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Онда, атап айтқанда, масаға қарсы күрес және қоқыс жинау мәселелері қаралды. Депутаттар белсене қатысып, күтпеген ескертулер айтты. Толығырақ - «AЖ» материалында.
Қалалық ТКШ бөлімі басшысының м.а. Жұмабек ЖҰМАҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, 2021 жылы дезинсекция жұмыстарына қалалық бюджеттен 126 миллион теңге қарастырылған. Сегізінші жыл қатарынан тендерді «AG Disinfectionservices» ЖШС жеңіп алды. Қалалық ТКШ мен ЖШС арасындағы келісім сәуір айында жасалды. Сол кезден бастап подъездерді, жертөле мен цоколді қабаттарды, ашық су қоймаларын, сондай-ақ қаланың негізгі көшелерін және жағалауды өңдеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
- Маса ерте көктем басталғанда пайда болады, ал қамыс өртенгеннен кейін күрт көбейіп кетеді. Қаланың кей жерлерінде кешке далаға шығу мүмкін емес. Алынып жатқан шаралар жеткіліксіз деп санаймын, - деді депутат Ғабиден ҚАНАТОВ. Ал оның әріптесі Вадим ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ бұл ескертуге «Атыраудың масасымен күресу есірткімен күрескенмен тең!» деді. Рас, ол нені меңзегенін ашып айтпады.
- Неге жыл сайын бір компания тендер жеңімпазы бола береді? Бізде басқа қатысушылар жоқ па? - деп сұрады депутат Муса ХАЙРУЛЛИЕВ.
- Әрине, басқа қатысушылар да болды, бірақ дәл осы компания ең оңтайлы өтінім беріп, тендерді ұтып алды. Иә, бірінші рет емес, бірақ бұл ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына қайшы келмейді, - деп жауап берді Жұмағалиев.
- Осы компанияның техникасын біреу тексере ме? - деп сұрады депутат Әміржан НҰРЛАНҰЛЫ.
- Иә, олардың техникасын біздің бөлімнің сектор меңгерушісі және тағы екі маман тексереді.
Содан кейін «AG Disinfection Services» ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек АХМЕДИЯРОВ баяндама оқу үшін мінбеге шықты, бірақ депутаттар оны тыңдамай, келесі жолы компания басшысының өзі келуін талап етті.
- Қала тұрғындарының жұмыстарыңызға қатысты сұрақтары мен шағымы көп. Неліктен жыл сайын қансорғыштар үстемдік етеді? Нұрлыбек, егер масамен күресудің пайдасы жоқ болса, солай айтыңыз. Баяндаманы келесі сессияға қалдыруды ұсынамын, бірінші басшының өзі есеп берсін, - деді Ғ.Қанатов. Қалған депутаттар оны қолдады.
Келесі сөз «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас ИЗТЕЛЕУОВКЕ берілді, бірақ ол аузын ашар-ашпастан сұрақ жаудырды:
- Қаланы тазартумен негізінен өзбекстандықтар айналысады. Жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту үшін қандай шаралар алынуда? - деп сұрады депутат Жеңіс ӘБІЛҚАРЕС.
- Біздің ЖШС-да орташа жалақы 100 мың теңгеден асады, бірақ бізге жергілікті тұрғындар келмейді. Иә, біздің ұжымда Өзбекстан азаматы көп, кейбіреулерінің жұмыс жасағандарына он немесе одан да көп жыл болған, осында отбасымен тұрады. Біз жұмыспен қамту орталығына сұраныс жасаймыз, жергілікті тұрғындар арасынан жұмысшыларды іздестіреміз, бірақ нәтиже болмай жатыр.
- Сіздің қоймада 2 мың тоннадан астам дезинфекциялау материалдары жатыр. Олар қалай сақталады? Жарамдылық мерзімі бар ма? Тағы бір сұрақ: қала шетінде қоқыс контейнерлері жеткіліксіз. Мысалы, қоқыс контейнері бір әженің үйінен 450 метр қашықтықта орналасқан. Осыған қатысты нормалар бар ма? - деп сұрады депутат Азамат АСЫЛБЕКОВ.
- Иә, дезинфекциялау материалдарының жарамдылық мерзімі бар. Ол үшін сақтаудың белгілі бір температурасы сақталуы керек және т.б., осының бәрі бізде сақталады. Ережеге сәйкес, қоқыс контейнері үйден 100 метрден аспайтын қашықтықта орнатылуы керек. Бірақ контейнерлер жеткіліксіз, сондықтан біз оларды орнату жұмыстарын, соның ішінде шет жақтарға орнату жұмыстарын жалғастырамыз.
Депутаттар Қарттар үйі мен Сарайшықтағы психоневрологиялық интернат директорларының, «Атырау ӘКК» ҰК АҚ басқарма төрағасы орынбасарының баяндамаларын тыңдады, содан кейін сессия жабылды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор