Астана. 25-қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстандық тауар өндірушілер сертификатсыз тауарларын сата алмайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.
Қазақстандық тауар өндірушілер өз өнімдерін сату үшін, өнімнің Қазақстанда шығарылғандығын растайтын сертификаты болуы тиіс.
Астана қаласының ресми сайтының хабарлауынша, бұл туралы бүгін елорда әкімдігінде өткен кеңесте Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұрат Далабаев мәлім еткен.
"Мемлекеттік сатып алу туралы" заңнаманың, 44-бабы 5-тармағында "Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзбеде көрсетiлген азық-түлiк тауарларын мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу кезiнде осы Заңда көзделген тәсiлдермен отандық тауар өндiрушiлерден ғана мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асырады".
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 22 қазандағы №1647 Қаулысымен енгізілген, азық-түлік тауарларының шығарылған жерін растайтын ҚР СТ сертификаты, Үкіметтің 2012 жылғы 21 тамыздағы №649 Қаулысымен жаңартылды. Тізбеде азық-түлік тауарларының 101 түрі, яғни азық-түлік тауарларының барлық түрі көрсетілген. Сертификат тек тауар шығарушыға беріледі, алып-сатарлар мен арадағы делдалдарға берілмейді, деді Басқарма бастығы.
Кеңесте сөз алған Астана қаласы Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Елена Батрак, "сертификатты беру екі кезеңнен тұрады. Сараптама ұйымы сараптама актісін алады, онда Қаулыға сәйкес бағалау жүргізіледі. Егер тауар шығарушы жоспарлы режимде, яғни жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істесе, онда оған бірегей сертификат беріледі. Сертификатта кәсіпорынның бір жылда шамамен өндіретін тауарының көлемі көрсетіледі. Сертификаттың құны 4 АЕК, яғни 6924 теңге тұрады.
Тағы бір айта кетер жайт, отандық тауар өндірушілер қатарына, шикізатты Қазақстаннан алып тауар өндіретін кәсіпорындарды жатқызамыз. Ал, өнімін шетелдерден әкеліп, оны Қазақстанда ораса, ол отандық өнім болып саналмайды.
Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министрдің хаттамалық тапсырмаларына сәйкес, қаржылық бақылау органдарына мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде осы тармаққа мұқият көңіл бөлу және оны орындау тапсырылған. Алдағы уақытта қаржылық бақылау органдары және біздің басқарма тапсырманың орындалуын өз бақылауына алады", - деді.
Дереккөз: kt.kz