24 қаңтарда облыстық мәслихаттың Х кезектен тыс сессиясы өтті. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Жәрдемғали АХМЕТОВ облыс бюджетіндегі өзгерістер туралы баяндамасын оқыды.
Өткен жылдың аяғында бюджет тапшылығына сәйкес бірқатар әлеуметтік жобалар қысқартылған болатын. Қазір облыс қазынасынан ақша табылды. Ассигнациялау келесі жұмыстарды атқаруға бағытталады: Индер ауданының Елтай, Өрлік, Көктоғай, Есбол селоларына кіретін жолдарды күрделі жөндеуге (1 млрд 92 млн теңге); Индер ауданы білім беру нысандарын күрделі жөндеуге (12 млн теңге); Атырау қаласындағы 280 орынды 4 бала бақшасын салу қорытындысына өзгеріс енгізу (3,8 млн теңге); Қызылқоға ауданы Сағыз селосында 424 орындық мектеп құрылысын жобалау (1 млн теңге); білім беру нысандарын жобалау (4,6 млн теңге); қалалық кардиологиялық ауруханаға жалғама салуды жобалау (10,5 млн теңге); 9 дәрігерлік амбулаторияны жобалау (3,6 млн теңге); Құрманғазы ауданы Байда және Шортанбай селоларында спорт залдары құрылысын жалғастыру (27 млн теңге); Нұрсаядағы киноконцерттік залдың (9,5 млн теңге) және монша кешенінің (2 млн теңге) жобалық құжаттамаларына өзгеріс енгізу; «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Исатай, Индер, Құрманғазы және Махамбет аудандарында су құбыры желілерін салу (567 млн теңге); спорт нысандарын жобалау (2,9 млн теңге); елді мекендерді газдандыру (102 млн теңге); Атырау-Индер тас жолын жөндеу (974 млн тенге); ІІД үшін бейне қадағалау камераларын алу (390 млн теңге); білім беру жүйесінің 2234 ескірген компьютерлерін ауыстыру (290 млн теңге); Жылыой ауданындағы канализациялық тазалау құрылғысын және Индер ауданында жоғары қысымды коллектор салуға сараптама жүргізу (3 млн теңге); Махамбет және Құрманғазы аудандарындағы су тазалау құрылғыларын электр желісіне қосу (29 млн теңге).
Мәслихат Атырау қаласы Дамбы селолық округіне қарасты Пешной елді мекенін жою туралы шешімді бекітті. Ауылдың 24 үйінде 73 адам тұрған болатын, өткен жылы олар Нұрсая ықшамауданындағы жаңа үйлерге көшірілді. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Төлеп ОРЫНБАСАРОВТЫҢ айтуынша, «Әкімшілік-аумақтық орналастыру туралы» заңның 11-бабына сәйкес Пешной ауылы облыс елді мекендері атаулары тізімінен алынуы тиіс.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ