«Қаланың қақ ортасындағы карерьде бықсып жатқан өрттен бір апта бойы түтін жұтудамыз. Өрт сөндіру қызметіне хабарлассақ арнаулы автобаза келіп өшіреді дейді, ал арнаулы автобаза өрт болса 101 қызметіне хабарласыңыздар дейді», деп жазады "АЖ"-ға Атырау ықшамауданының тұрғындары. - Бұл қашанға дейін жалғасады?»
№36 көшедегі қоқысқа толған карьердегі өрт 8 мамырдан бері бықсып жатыр. Ара-тұра өрт тұтанып кетеді. Сол жерде жақын тұратын тұрғындардың мазасыздығын түсінуге болады.
Осы жағдайға қатысты Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Нұржан ЖАҚАТАЕВ комментерий берді:
- 36 көшедегі карерьге төгілген қоқыс өрті бір аптадан бері жалғасып жатыр. 101 бөліміне қоңырау түскен кезде алдымен Өрт сөндіру тобының кезекші жасағы бірінші жетіп, жағдайға барлау жасайды. Содан кейін бұл жерге арнаулы автобазаның арнайы техникасын шақыртып, бықсыған өртті топырақпен көму жұмыстары жүргізіледі. Сол жердегі тұрғындардың айтуынша, карерьге түнде белгісіз жүк көліктері қоқыс төгіп кетеді.
Жақатаевтың айтуынша, қазір қалалық әкімдікпен бірлесіп карерьге жақын жердегі бейнебақылау камераларды тексеріп, тұрғындармен және сол маңда құрылыс жүргізіп жатқан жұмысшылармен карерьге қоқыс тастамау туралы түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор және тұрғындар жолдады