Атырау, 25 қараша 09:26
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мәуліт мерекесі басталды

4 531 просмотра

Бүгін, яғни 24 қаңтарда күллі мұсылман әлемі мәуліт мерекесін атап өтуде.

Мәуліт – Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың дүние есігін ашқан күні. Үмбет болып артынан ерген мұсылмандар Пайғамбарымызды үнемі жадынан шығармайды. Сондықтан да, қасиетті Мәуліт күні Пайғамбарымызды жүректерінде қайта жаңғыртып, Оған (с.ғ.с.) сансыз салауат айтып сәлем жолдайды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем жолдау - имандылығымыздың белгісі. 

Екі дүние сардары, соңғы пайғамбарымыз - Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзат тарихының дамуын күрт өзгертіп, рухани әрі қоғамдық салада ең ұлы төңкеріс жасады. Адамдардың ой санасын ақиқатқа жетелеп, жүректеріне мейірім мен рақым сыйлады.

Құранға иман келтірген адам хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.), ал хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) иман келтірген адам Аллаға иман келтірген болып саналады. Құранға сенбеген адам хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) сенбеген, Аллаға иман келтірмеген болып саналады. Міне, нағыз мұсылмандықтың өлшемі осындай.

Құран Кәрімде «Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» (Әнбия,106) деп айтылса, Алла Елшісі бұл Алла берген мейірімділік қасиетін паш ету үшін бүкіл өмірін сарп етті.  

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуін мереке ретінде атап өту - ең әуелі Алла тағалаға шүкір етудің, көкіректегі қуанышты жария етіп бөлісудің көрінісі деуге әбден болады.

Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзатқа мына ғалам атты алып кітапты дұрыс оқуды үйретті. Ғаламның бостан – босқажаратылмағандығын, ондағы әрбір нәрсенің Ұлы Жаратушыдан сыр шертетін әсем де терең мағыналы кітап екенін түсіндірді.

Ендеше, ғалам атты алып кітапты түсінікті кітапқа айналдырған Ұлы Ұстаз (с.ғ.с.) үшін қандай да құрмет көрсетуге лайықты болмақ.

Мәуліт мерекесі мүбәрак болсын!

М. Алимов,

"Қажымұқан Мұңайтпасұлы" мешітінің бас имамы

24 қаңтар 2013, 16:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.