Атырау, 19 сәуір 04:45
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

2 099 просмотра

Дайындық сәтті өтті

Екатеринбург қаласында РФ еңбек сіңірген жаттықтырушы В.М. Захаровты еске алуға арналған 1993-95 ж.т. жасөспірімдер арасында дзюдодан VІ Бүкілресейлік ашық турнир өтті.

Облыстың жастар құрамасының аға бапкері Жандос Қияновтың айтуынша, бұл турнир шәкірттері үшін ақпан айының басында Қарағандыда өтетін Қазақстан чемпионатына қатысу алдындағы үлкен дайындық болды. Екатеринбургте 55 келіге дейінгі салмақта Жылыой аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінен Асылбек Әбілдиев алтын иеленсе, 60 және 66 келіге дейінгі салмақтарда облыстық олимпиадалық резерв мектебінің шәкірттері Амантұрлы Тұяқбаев пен Аманбек Аруов қола алды.

***

«Екі жүзді» кеншілер

Облыстық «Бейбарыс» хоккей клубы өз алаңында Рудный қаласының «Горняк» хоккей клубымен екі кездесу өткізді.

Бірінші матчта алаң иелері қонақтарды оңай ұтты: екі кезеңнен кейін есеп 6:0 болса, ақырғы есеп - 7:2. Ал екінші ойында «Горняк» мінез көрсетіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті.

***

«Болаттық» Месси

Өткен демалыс күндері Геолог селосындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде футзалдан ардагерлер лигасы басталды.

Осы чемпионатқа бұрынғы 8 командаға тағы 2 команда - ESS Support және «Жайық» (Ақжар п.) қосылды. Дебютанттар осал ұжымдар емес екен. ESS Support командасы өткен жылғы чемпион «Аэропорт-В»-ны ойын барысында ұтып жатып, соңғы жағында жеңісті уыстан шығарып алды. «Жайық» ерік-жігері арқасында «Махамбетті» 4:2 есебімен ұтты. «Мелиоратор» және «Болат-В» командалары арасындағы ойын ең нәтижелі ойын болды, есеп – 3:10. «Болаттық» В. Борисов 5 гол соғып, бірден сұрмергендер тізімінде алға шықты.   

***

Нағыз ерлер ойнаған хоккей

Мектеп және колледж оқушыларының облыстық қысқы спартакиадасы аясында шаңғы тебу және шайбалы хоккейден жарыстар өтті.

Шаңғы тебуден Дамбы селосының Амангелді орта мектебі (дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі – Б. Орынбасаров) оқушылары үздік атанса, 2 және 3-орындарды, сәйкесінше, политехникалық колледж бен мұнай және газ колледжі (бұрынғы №4 КТЛ) иеленді. Үздік нәтижелерді Амангелді орта мектебінен Эльдар Байырхан, Жансая Қабақ, политколледжден Данияр Латыш, Саяжан Саясат, мұнай және газ колледжінен Кирилл Миронов көрсетті.

Хоккейден жарыста Заманауи техникалық гимназия (ЗТГ) командасына тең келер ұжым табылмаса, 2-орынды Амангелді орта мектебі, 3-орынды Қызылқоға ауданы мектептерінің құрамасы қанжығаларына байлады. Ойын нәтижелері: ЗТГ - Амангелді 9:4, Амангелді – Қызылқоға 6:0, ЗТГ - Қызылқоға 8:0. Бауыржан Нығметов (ЗТГ), Әлфараби Өтеген (Амангелді), Қазбек Муқси (Амангелді) жарыстың үздік ойыншылары атанды. Бұл жерде ескерер бір жайт, ЗТГ оқушысы Б. Нығметов облыстық «Бейбарыс» хоккей командасының ойыншысы болып табылады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

24 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.