Атырау, 12 қазан 03:27
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Каспий түбі қазылатын болды, мердігер де анықталды

4 382 просмотра

NCOC компаниясы Каспий теңізінің түбінен кеме қатынасы каналын салғалы жатыр деген хабар тұрғындарды дүр сілкіндірді.  Дегенмен, мұны жаңалық деуге келмес - «Қашаған кен орны нысандарын жайластыру. Теңіз кешені. Теңіздегі кеме қатынасы каналдары» жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар былтыр қыркүйектің соңында өткен еді.

Алайда avaaz.org халықаралық интернет-платформасында жарияланған «Каспийді экологиялық апаттан құтқарайық» петициясы (құжат авторлары теңіз түбін тереңдету бойынша кез-келген жұмыстарға мораторий салуды және жергілікті атқарушы органдар мен NCOC-тың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуді ұсынды) әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа резонанс толқынын туғызды. Нәтижесінде консорциумға сұрақтарға жауап беру үшін онлайн дөңгелек үстел өткізуден басқа амал қалмады.


 «ҮШ НҰСҚА ҚАРАЛЫП, ТЕҢІЗ КАНАЛЫ ТАҢДАЛДЫ»

«Дөңгелек үстелге» энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков, вице-министр Әсет Мағауов, ҚР Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов, оның орынбасарлары, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан, экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетов және басқа шенеуніктер қатысты. Жолдасовтан басқасы сөз сөйлемеді және сұрақтарға жауап беруге қатысқан жоқ.

Алдымен NCOC өкілдері сөз алды. NCOC-тың денсаулық, еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Нұраш ӘЖІҒАЛИЕВ желқума-желбөгет құбылыстары Қашаған жобасы үшін маңызды сынақ екенін айтты.

- 2019 жылдан кейін теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты біз баржаларды пайдалана алмадық. 2019 жылы Қашағандағы күрделі жөндеуден бұрын теңіздің деңгейі шамалы төмендейді деген болжам жасалды, ал іс жүзінде ол көп төмендеп кетті: қатты соққан жел суды қуып, теңіз деңгейі 1 немесе одан да көп метрге төмендеді. Біз аралдарға баржаларды әкеліп үлгердік. 2020 жылы сателиттік аралдарға жарты жылдай жете алмадық, ал ол жерде біздің негізгі өндіріс ұңғымалары бар еді.

Су желқумасынан кейінгі жалаңаштанып қалған теңіз топырағы.

Жоба үйлестірушісі Оксана ГОЛУНОВАНЫҢ айтуынша, бастапқыда теңіз кешеніне қызмет көрсетудің бірнеше нұсқалары қарастырылды – ауа жастығындағы кемелер мен баржалар/ қосалқы инфрақұрылым; өндірістік аралдарға дейінгі құрлықтағы көлік жолдары (эстакадалар); теңіздегі кеме қатынасы каналдары (ТКҚК).

- Бұл нұсқалар оңтайлы ұзақ мерзімді шешімді анықтау үшін жеке және құрамдасқан түрде қарастырылды. Сөйтіп ТКҚК жобасы таңдалды. Өйткені бұл проблеманың шешімі каналдар ғана және ол 2022 жылы күрделі жөндеуден өткізуге мүмкіндік береді, - деді Голунова.

Жоба мақұлданғанын, жұмыстардың мердігері анықталғанын, оның «Спецмонтажстрой» ЖШС (қазақстандық BI Group, грекиялық Archirodon және голландиялық Van Oord компаниялары қатысқан бірлескен кәсіпорын) екенін атап өткен жөн.

ТКҚК жобасы 2 құрылыс кезеңіне бөлінген - D аралына дейін Батыс жақындатушы каналы және D аралын пилотсыз аралдармен байланыстыратын ішкі кәсіпшілік каналы. Каналдың ені 80 метрден 115 метрге дейін болады. Жоба шеңберінде диаметрі 325-тен 380 метрге дейін болатын 10 айқарма бассейн жасау кіреді. Теңіз түбінен барлығы 18,5 миллион текше метрден астам топырақ шығарылады.

Тереңдету жұмыстары 2021 жылдан бастап, 2022 жылдың аяғына дейін жоспарланған. Консорциум өкілдері теңіз түбіне аз әсер ететін, сондай-ақ, үйінді учаскелердің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкіндігі бар ең заманауи жабдықтар пайдаланылатын болады деп сендірді.

Қашағандағы каналдар схемасы


«ҮЙІНДІЛЕР БАЛЫҚ ҮШІН БӨГЕТ БОЛАДЫ»

Экология белсендісі Арман ХАЙРУЛЛИН бұл мәселенің уылдырық шашатын жерлер мен балықтың өрістеуіне қатысты екенін атап өтті.

- Шығарылған топырақтан үйінді жасайсыз, оны неге шығарып тастап немесе оңтүстікке қарай 50-60 шақырым жерге тасымалдап, Каспийдің терең бөлігінде қалдырмасқа? Үйінділер сақталса да, бұл жалпы ауданы 21 шаршы метр болатын 44 топырақ үйіндісі. Мен тәжірибелі теңіз балықшыларымен сөйлестім. Олар өрістеу кезінде балықтың осы кедергіге тап болатынын және оны бір шақырымдай жерден айналып өтпейтінін, бұрылып, кері жүзетінін айтты. Осылай табиғи тепе-теңдік бұзылады. Бәлкім, балық Жайыққа кіруді мүлдем тоқтататын шығар. Бұдан басқа, каналдар үнемі лай сумен толтырылады, тиісінше оларға жүйелі түрде күтім жасау қажет. Бұл, өз кезегінде, қорғалатын аймақтардың тыныштығын жүйелі бұзып, осылайша жағалау аймақтарының флорасы мен фаунасына кері әсерін тигізеді. Сіздер теңіз кешеніне қызмет көрсетудің ықтимал нұсқаларын қарастырдыңыздар, неге аралдарға дейін эстакадалар салу нұсқасын таңдамадыңыз? Бұл балықтардың өрістеуіне және уылдырық шашуына әсер етпейтін көпірлер, сонда Каспий түбіндегі тіршілік иелері жойылмайды, - деді Хайруллин.

NCOC басқарушы директорының орынбасары Ермек МАРАБАЕВ эстакада құрылысы жоспарда қалатынын, бірақ бұл болашақтың еншісінде екенін айтты. Нұсқа зерттелген және тұжырымдаманы таңдау сатысында тұр екен.

- Егер эстакада нұсқасы келесі кезеңде (инженерлік есептеулер) іске асса, онда бұл біздің болашағымыз. Біраз күте тұруымыз керек, - деді Марабаев.

Бұдан басқа А.Хайруллин қоғам белсенділерінің тұрақты комиссиясын құруды, тоқсанына бір рет теңізге шығуды, аралап ұшып, жұмыстың орындалуын тексеруді ұсынды.

Атырау тұрғыны Дидар ХАМЗИН компания алмақ болған ауа жастықты кеменің (АЖК) қайда екенін сұрады:

- Сіздер ауа жастықты 10 кемеге дейін сатып алуды жоспарладыңыздар, оның үстіне, теңіз деңгейі төмендеп бара жатыр.

Е.Марабаевтың айтуынша, АЖК сатып алу акционерлерден қолдау таппаған, енді компания тек бір кемені жалға алып отыр.


БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ТАЛАПТАРЫ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ СӨЗІ

Осы «дөңгелек үстелде» бір топ экология белсендісі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевқа Солтүстік-Шығыс Каспий акваториясына теңіз кеме қатынасы каналын салуды заңсыз деп тануды және оған жол берілмеуін талап еткен хат жолдады. Олардың айтуынша, бұл акватория теңіз ихтиофаунасының қоңданатын, уылдырық шашатын жерлері және өрістейтін жолдары. Бұдан басқа, осы аймақта Каспий итбалықтарының өрістейтіні байқалады, ал аралдарда олардың жатағы, күшіктейтін және демалатын орындары орналасқан.

- Жұртшылық әлі күнге дейін NCOC компаниясының мұнай өндіретін барлық кезеңіндегі - Өнім бөлінісі туралы келісім күші аяқталғанға дейін (бұл 2038-ші жыл) Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі туралы толық болжамды деректерді алған жоқ. Теңіз өзінің регрессивті кезеңінде қаншалықты кері кетеді, қандай шекке дейін және қазіргі деңгейден қаншалықты алысқа кетеді? Ұсынылған жобада Солтүстік-Шығыс Каспийдің бүкіл экожүйесіне және Каспий теңізінің гидрологиялық режиміне, өзін-өзі тазарту және өзін-өзі реттеу, биоалуантүрлілікті қалпына келтіру қабілеттеріне әсер ету есептеулері ұсынылмаған, - деді «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының директоры Галина ЧЕРНОВА.

Белсенділер компаниядан жобаны өңірдің қоршаған ортаны сақтау және қорғау тұрғысынан зиянды әрі қауіпті деп тануды; осы ҚОӘБ жобасы үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі берген барлық келісімдер мен рұқсаттарды қайтарып алуды; «Теңіз кеме қатынасы каналдары» ҚОӘБ жобасы бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижесін жоюды; эстакадалар, жолдар және т.б. құрылыстарды ескере отырып, Қашаған жобасының коммуникациясын дамыту және логистикамен қамтамасыз ету бойынша балама ұсыныстар әзірлеуді талап етеді.

Бұл талаптар қазір қаншалықты жүзеге асады? Әрине, қызық сұрақ. Өйткені, жоба мақұлданды, мердігермен келісімшарт 15 наурызда жасалды. Бұдан басқа, Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жуырда Атырау облысын дамыту жөніндегі кеңесте мұнай өндіруді арттыру мақсатында Қашағанды толық игеру жөнінде айтқан еді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

28 сәуір 2021, 02:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.