Атырау, 22 қараша 13:53
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атыраудағы төтенше жағдай режиміне жарты жыл толды. Бұл қалай басталды

1 325 просмотра

7 қазанда Атырау облысында төтенше жағдай жарияланғанына тура жарты жыл болды. Осы жылдың ең қарбалас айы - сәуірде бәріміз қалай қорыққанымызды еске түсірейік.

«AЖ» өз оқырмандарының бүкіл қобалжу сезімдерін, қорқыныштары мен қуаныштарын бөліскен комментарийлер  мен сауалнамаларды мұқият сақтап қояды.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 7 сәуірінде төтенше жағдай режиміне көштік. Қала бастан өткерген күйзелістен толық арылғанына қарамастан, әлі де бұл режимнен шыққан жоқпыз. Айтпақшы, төтенше жағдай режимі соңғы өтемақы төленгенше қағаз жүзінде болса да жалғаса береді. Өйткені қала тұрғындарынан айырмашылығы, ауылдық жерлер мен қала маңындағы тұрғындардың мүлкі айтарлықтай зардап шекті.

Су тасқыны кезінде «Ақ Жайық» газетінің сайтында халықтың көңіл-күйіне қатысты бірнеше сауалнама жүргізілді. Біз алғаш «салалық мекемелердің болжамы бойынша Атырауды соңғы 30 жылдан бері болмаған тасқын су басады деген қауіп бар. Өңірлік ТЖ штабы тұрғындарға қолдарына күрек алып, қаланы аман алып қалуға жұмыстануға өтініш жасады. Ал сіз көмектесесіз бе?» деген сауалнама жүргіздік. Әрине, үмітіміз аяқасты болмады: 60%-дан астам адам көмектесеміз деп жауап берді. Қалғандары әзірге білмейміз десе, аз пайызы «күрек ұстау менің міндетім емес» деп жауап берді. Бұл сауалнама біздің халқымыздың, негізінен, өте қайырымды және қашан да көмектесуге дайын екенін дәлелдеді.

Айтылды, орындалды. Қала тұрғындары көше-көше болып жиналып, бөгет салу үшін өз қаражатына құрал-сайман мен қапшықтар сатып алды. Сөйтіп, нағыз бірлік орнады: балалар, әйелдер, қарттар, тіпті иесіне көмектесуге деген құлшынысының арқасында Қазнеттің жұлдызына айналған Пшон есімді ғажайып ит те көмектесті.

Осы тұста жергілікті штабқа наразылық күшейе бастады. Халық ол жерде осындай жағдайда қалай күресуге болатынын білетін мамандардың жоқтығын алға тартты. Расында, солай еді: Жайық 30 жылдан бері таязданып жатыр – мамандар қайдан болсын? Бірақ штаб қолдан келгенін жасады: 90-жылдары тасқынға қарсы жұмыстарға белсене қатысқан ескі гвардиядан ақсақалдар кеңесін шақырып, су тасқынының ескі картасы табылып, әскер мен демеушілер тартылды. Батапқы әрекеттері жаман емес, солай ма? Өйткені, іс жүзінде облыс бойынша 590,6 шақырым, қала бойынша 250,7 шақырым бөгет салынды, техникаға келетін болсақ, 2 мың бірлік техника, 30 мыңнан астам түрлі құрылымдардың жұмысшылары, еріктілер, әскерилер, т.б. жұмылдырылды.

Жұмыстың қызу жүріп жатқанына қарамастан, тұрғындардың жүрегін қорқыныш биледі. Жайық өзені өтетін Орск пен Орынбордың суға кетіп жатқан кадрлары одан сайын алаңдаушылықты күшейтті.

Атырау ойсыраған құмырсқа илеуіне ұқсай бастады: кей жерлерде қап үшін төбелесіп, кейбіреулер ұрлық үшін жазаға тартылды. КамАЗдар, тракторлар, шаң-тозаң, шу... Бірақ айта кететін бір жайт, қала көшелерінде адам саны азайып қалды – көші-қоннан ба, әлде балаларды онлайн оқытуға көшіргесін бе, қарбалас уақытта да қаладағы көлік қозғалысы еркін болып, жолда көлік саны айтарлықтай аз болды.

Шамамен сол уақытта, Жайықтан алыс орналасса да, ірі және шағын кәсіпорындар кеңселерінің периметрі бойынша, үлдірге және ұқыпты қапшықтарға оралған үйлер пайда бола бастады. Расталмаған мәліметтерге сәйкес, ірі компаниялар барлық құжаттары мен сейфтерді кеңсе ішінен алып кеткен.

...Жаңа күннің әрбір таңы кофемен емес, өзенге қанша сантиметр су құйылды және қауіпті деңгейге жеткенше қанша қалды деген секілді ақпараттан басталды. Гидробекеттер жиі бақыланып, әр 4 сағат сайын су деңгейі өлшенді.

Сол кезде адамдар не ойлады? Әрине, отбасын басқа қалаға немесе елге апару керек пе деген ойда болды. Кейбіреулер солай жасады да - балалары мен әйелдерін басқа жаққа апарып тастады, бірақ оларды бұл үшін ешкім айыптай алмайды. Сол кездері ұшақтардың бағасы шарықтап, алдағы күндерге пойызда бос орын қалмады.

Сол кезде «АЖ» «су тасқыны қаупіне байланысты Атырау қаласынан кетуді жоспарлап отырсыз ба?» деген сауалнама жүргізді. Респонденттердің 70%-дан астамы «жоқ» деп жауап берді.

...Көлігімізді қою үшін қай жер биік деп ойланды көлік иелері. Айтпақшы, сауда орталықтарының біріне іргелес жатқан ең биік екі қабатты автотұрақ кенеттен жабылып қалды. Ол жерде бір автоорталықтың су жаңа көліктері үлкен судан қорғау үшін жасырылған десе, тағы бір қауесет қаламыздағы элита өкілдерінің шетелдік көліктері орналасқан деді.

Сондай-ақ, қаладағы ең биік жер христиандар мен мұсылмандар зираттары екенін білдік. Сондықтан, көпшілігі судың үдемелі кезеңі келгенде, тұрмыстық техника тиелген көліктерін сол жерге немесе көпірлердің үстіне қоюға болады деп ұйғарды. Көліктеріне көтергішті өз бетінше жасап, үлдірмен орап тастаған шеберлер де табылды.

Барлық жерде, көшелерде, кафе мен таксилерде тек су тасқыны туралы әңгіме болды. Адамдар «қайық сатып алу жөн бе? Резеңке етік қайда сатылады? Дүкендерде шамдар мен жармалар қалды ма екен?» деп сұрастырып жүрді. Он шақты тор көзді сөмке, полиэтилен үлдірлер мен скотч сатып алу керек десті.

«Дина» базары сәуірдің 12-сіне дейін ғана жұмыс істейді, «Көктемде» саудагерлер тауарларын жинап жатыр» деген қауесет тарады.  Маңайдағы дүкендерде сөрелер де босай бастады. Сатушылар су тасқынында тауарларымыздан айырылып қаламыз деп қорқып, тауар сатып алмаған. Адамдар қаражаттарын қолма-қол ақшаға айналдыра бастады. Бұған банктер банкоматтардың ішін босатады екен деген қауесет негіз болды.

Тіпті, орталық көшелерді сыпырған «Арнаулы автобаза» қызметкерлері де «су басса, сыпырып не керек?» деп, қала тұрғындарының ызасын келтіре бастады.

Қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары көмек сұрады. Қалада жағалауды бекіту жұмыстары қарқынды жүргізілді, ал ол жерлерде жүргізілмеді. Тек кейін олардың теңізге жақын ауылдардан бері созылып жатқан бөгеттерді салуға әлі жете қоймағаны белгілі болды.

Халықты ақпаратпен қамтамасыз етуге тиісті штаб құрылғанымен, оны дер кезінде орындамағандықтан осындай қауесеттердің таралуына ақпараттық вакуум себеп болды.

Сәуір айындағы азаматтардың көңіл-күйін көрсету мақсатында әлеуметтік желі қолданушыларының бірінің болжамы мен кеңесі жазылған жазбасын назарларыңызға ұсынамыз:

«...Біздің әрі кеткенде 10 күн уақытымыз бар. Қазақстандық әуе компанияларында небәрі 200 ұшақ бар, олар күніне үш-ақ рейс жасай алады, бұл ең көбі 600 адам. Мұқыр босқындар үшін дайын болсын, ол биікте орналасқан. Доссордың су астында қалмау мүмкіндігі 80%. Махамбет су астында қалады, Индер де солай. Су Индерге жетсе, шамамен 1-2 күнде Атырауға жетеді. Қаланы су басады. Әйелдерді, балалар мен қарттарды басқа қалаларға жіберу керек. Ер адамдар тонаушылардан қорғану үшін қалуы керек. Егер мүмкін болмаса, кейін ауыртпалық болмас үшін қазір кетсін. Алдағы айларда су да, жарық та, газ да болмайды. Атырау-Орал жолын бұзып, одан әрі батысқа қарай түрлі карьерлерге жіберу керек болады. Барлық тракторды батысқа қарай канал қазу үшін Индер жаққа жіберу керек...».

Ал мынау басқа адамның жазбасы:

«(Әкімдіктің) Техника бригадирі карьерді қайта жауып тастады деді. Топырақты қайдан әкелетінін солар шешеді. Біз мұны ТЖ кезеңіндегі қасақаналық деп есептейміз. Техника жоқ, оған үміттенбеңдер деді ол. Мен одан қашан топырақ үюді бастайсыздар деп сұрадым. Үндемеді.  Жолдың бір жағындағы 500-ге жуық үйді, жолдың арғы жағындағы Көкарнаға апаратын жалғыз жолды су басып кету қаупі бар...». 

Бұл уақытта БАҚ-тар мамандар уәде етілген даму сценарийін қашан жасайтынын күтті. «Қаланың қай аудандарын су басу қаупі басым және қаншалықты деңгейде? Коммуналдық желілерді қорғау қалай ұйымдастырылады?» деген сұрақ бәрінің көкейінде тұрды. Бірақ атыраулық БАҚ кейінгі орынға ығысты. Бүкіл журналистер қауымы облыс билігінің ресми БАҚ емес, блогерлерге басымдық берген таңғаларлық көрінісін бақылады.

...Осы қарбаласта көктемнің келіп қалғанын ешкім байқамады: қаланы гүлдеген өрік ағаштарының тәтті хош иісі орап алды. Бағбандар үрейге қол сілтеп, көшет отырғыза бастады: «Не болса, ол болсын, қызанақ отырғызамын!» – деп жазысты өз чаттарында.

12 сәуір де болып қалды, су тасқыны бір аптаға кейін шегерілді. Содан соң тағы шегерілді. Адамдар: «Оны толығымен жоюға немесе онлайн режиміне көшіруге бола ма?» - деп әзілдей бастады.

Осы уақытта мамыр айының ортасында Атыраудан 12 шақырым жерде орналасқан қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі су астында қалды.

Атырау қаласы мен оның маңындағы елді мекендердің тұрғындары су тасқынына бірнеше апта бойы дайындалды. Осы уақыт ішінде Атырауды су басып кетуі мүмкін дегенге мүлде сенбегендер де болды. Сол кезде біз адамдардан су тасқынына сенесіз бе деп сұрадық, «жоқ» - деп жауап берді көпшілігі. Тек мамырдың соңында судың шекті деңгейі рұқсат етілген 550-ден асып, 597 сантиметрді құрады. Жаңа деректермен танысқан Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс АРЫНОВ жағалауды нығайту жұмыстарын жалғастырып, қорғаныс құрылымдарының жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды. Ал Махамбет және Индер аудандарында өзендегі су деңгейінің төмендегені байқалды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында су тасқынын «соңғы 80 жылдан астам уақыттағы ауқымы мен салдары жағынан ең ірі апат» деп атады. Барлық зардап шеккен азаматтарға қаржылай және басқа да қажетті көмек көрсетуге уәде берді. Иә, Атырау да, Атырау мұнай өңдеу зауыты да аман қалды, бірақ шаруалар егінінен, шаруашылығынан, малынан айырылды, көпшілігі әлі өтемақы алмады.

Ал бұл басқа мәселе.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА 

«АЖ» мұрағатынан және ашық дереккөздерден алынған суреттер

11 қазан, 18:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.