Атырау, 2 қараша 23:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +6
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Атырауда Қазақстан қолөнершілерінің фестивалі өтті

Сурет Бейнежазба
1 191 просмотра

Бүгін, 11 қазанда Атырауда Ұлы Жошы ұлысының 800 жылдығына орай «Шебер-FEST-2024» республикалық шеберлер мен қолөнершілер фестивалі өтті.

Атырау облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 өнер өкілі мен белгілі шеберлер қатысты.

Олардың қатарында мәдениет саласының үздігі, қолөнер шебері, темір ұсталық қолөнерінің, былғары, металл және ағашты көркем өңдеу шебері Дәулет Дәркембайұлы мен Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, шебер, шілтер-басқұр, кілем тоқу, киіз басу, кесте тігу шебері Айдарша Мереке Полатқызы да бар.

Сондай-ақ, 300 домбыра мен осыншама қобыз жасаған ұста, «Ортеке» бірегей өнерін жетілдіріп, қайта жаңғыртқан ұста Қазым Аманқосов; Түркістан қаласынан тері өңдеуші Айдарбек Темірғалым Жолдасбекұлы; ақтөбелік қолөнерші, тері өңдеуші, көне технология бойынша марал терісінен дәстүрлі тұрмыстық керек-жарақтар жасау шебері Жәкібаев Нұрлан Сәулебайұлы да қатысты. Бұл шеберлер бәрі өздерінің ерекше тәжірибесімен бөлісті.

Шара барысында «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі, «Інжу-маржан» би ансамблі, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншілері Ғазиза Мұстафина, Бақытбек Сисенғалиев өз өнерлерін ортаға салды.

Сондай-ақ өз әулетін құрып, жүздеген жылдар бойы қазақ өнерін ұрпақтарына, немерелері мен шөберелеріне сабақтастырып келе жатқан шеберлер де аз емес. Фестивальға қатысушылар солардың бір бөлігі ғана.

Керемет ауа-райы мен ұлттық нақыштар тұрғындарға өнерді тамашалауға және ұлттық ойындарды, ұлттық тағамдар мен киім-кешек жәрмеңкесін тамашалауға мүмкіндік берді.

«Тамаша жәрмеңке, тамаша іс-шара. Шеберлердің туындысын, қазақтың ұлттық нақышындағы кесте тігу, киіз басу, ағаштан және саз балшықтан жасалған бұйымдарды тамашалау өте қызықты болды, - деп сүйсінді Атырау қаласының тұрғыны Әлия М. - Осындай мерекелер көп болса ғой. Өйткені қазақ халқының ғасырлар бойғы тарихы мен бай мұрасын жастарымыздың біліп, бағалағаны маңызды».

«АЖ» ақпараты: Еуразия аумағында өмір сүрген орта ғасырдағы қуатты мемлекет – Жошы Ұлысының құрылғанына биыл 800 жыл. Ұлыстың тарихын 1224 жылдан бастап, ұлы империяның Шыңғыс ханның ұлдары арасында бөлінген кезінен есептейді. Осы кезден бастап Қазақстан аумағын Жошы мен оның ұрпақтары билей бастады. Жошы тұқымынан тараған ұрпақтар кейіннен тарихымызда маңызды рөл атқарды (Әлихан Бөкейханов, Шоқан Уәлиханов, Ермұхан Бекмаханов, Санжар Асфендияров және т.б.).

Елена СҮНДЕТОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

11 қазан, 19:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.