Атырау, 9 желтоқсан 21:35
 ашықВ Атырау -9
$ 514.65
€ 544.60
₽ 5.17

Жолдар, жолдар...

3 291 просмотра

Өткен жылдың күзінде Махамбет ауданының Ақжайық ауылына барған облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Атырау-Индер тас жолының күрделі жөндеуден өткізіліп,  Махамбет ауылының тұсынан аудан орталығын Бұқар бетіндегі ауылдармен қосатын көпір салынатынына уәде еткен болатын.  

ЖОЛ ҚАТЫНАСЫ ҚИЫН

Жайықтың Бұқар бетіне қоныстанған Индер және Махамбет аудандарының бірнеше ауылы 160 шақырымдық Атырау-Индер тас жолы сапасының нашарлауынан шамамен 10 жылдан бері көлік тасымалының қиындығына тап болған.

Индер ауданы Құрылыс ауылының тұрғындарының айтуынша, Орал-Атырау тас жолына шығу үшін оларға мұз болып қатқанЖайық өзенінің үстімен көршілес ауылға өтуге тура келеді. Ал бұл - 5 шақырым қар басқан жол. Сәл боран тұрса, көлік жолын лезде қар басып қалады.

- Осы жылдың аяғында көпір құрылысы басталады,- дейді Махамбет ауданы құрылыс бөлімінің бастығы Наурызбай ИМАНҒАЛИЕВ. – Сондай-ақ, Ақжайық ауылынан Атырауға дейінгі жолды күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен биыл 1 млрд теңге жұмсалады. Жалпы, Атырау-Индер тас жолын жөндеуге 4 млрд теңге қаралып отыр. Қазір бұл жұмыстың сметалық жобасы жасақталып болды. Индерге дейінгі жол күрделі жөндеуден 2014 жылы өткізіледі.  

 

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ КӨМЕК ҚАЖЕТ

Ақжайық ауылындағы жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері бір айдан астам уақыттан бері емделушілерге көліксіз қызмет етуде. Көлік күйсіз жолдардың кесірінен істен шыққан. Жергілікті тұрғындар да дәрігерге қаралу үшін мұз үстімен өтіп, Махамбет ауданының орталығына үлкен азаппен жетеді.

- Махамбеттен жедел жәрдем шақыртқанмен, бізге келе алмайды әрі олар жолды да білмейді, - дейді Ақжайық ауылының фельдшері Айгүл ҚОСПАН. - Біз науқастарды өзіміз Жайықтың арғы бетіндегі Кеңөріс ауылының тұсына жеткіземіз, Махамбеттен келген жедел жәрдем көлігі оларды әрі алып кетеді. Қиын болса да амал жоқ, осылай амалдап отырмыз.

Өткен жылы ол жолды қар басып қалып, боран тұрған күні екі айлық сәби сырқаттанып, оны аудан орталығының ауруханасына бірнеше сағатта фельдшердің өзі зорға жеткізген. Себебі, жедел жәрдем көлігі қарға малтығып жүре алмай, жолды күрекпен тазартып, көлікті итеруге тура келген. Ал тағы бірде қалың қарға батып қалған көліктен түсе сала, бір ер адам сырқат баласын жаяу арқалап, Жайықтың арғы бетіне жеткізген.

Осыған орай Ақжайық ауылының тұрғындарыЖайықтың Бұқар бетінен аурухана салып беру жөнінде жиі айтып жүр. 

- Ауылға дәрігер келсе тұрақтамайды, кетіп қала береді. Өзіміз көлік жалдап әуреге түсіп жатамыз. Ауданнан шалғай жатқан ауылға неге осы кезге дейін жөні түзу көлік бермеді? Болмаса Бұқар бетіне шағын аурухана неге салмайды? - дейді Ақжайық ауылының тұрғындары. 

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Серік АРЫСТАН таяуда Ақжайық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жедел жәрдем көлігі бөлініп, ауылдағы медициналық мекеме құрылысына қатысты мәселенің шешілгенін жеткізді. 

- Биыл Ақжайық ауылында жергілікті бюджеттен қарастырылған 82 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория ғимараты салынбақшы. Сондай-ақ, 20 млн теңгеге дәрігерлерге арналған екі пәтерлік үй тұрғызу көзделіп отыр, - деді әкім орынбасары.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

24 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.