Атырау, 25 қараша 09:56
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жерасты құпиялары

2 945 просмотра

Таяуда Индербор поселкесі тұрғындарының бірі 25 шақырым қашықтықта жатқан, тереңдігі 300 метрлік №99 тұз шахтасына (суретте) құлап, мерт болған қайғылы жағдай иесіз қалған нысанның қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты биліктің іс-әрекетіне ешқандай өзгеріс алып келген жоқ.

Жарты ай уақыт өткен соң шахта басында өзгерген ештеңені көргеніміз жоқ. Жан-жағындағы қоқысты тазартқаны болмаса, ажал апаны сол қорқынышты күйінде қалған. Құтқару операциясы аяқталған соң таратылған ресми мәліметке сәйкес, шахтаның 13 метрін су басқан.  

- 1966 жылы шахтаны су басқан. Ол кезде оның көлемі қазіргідей үлкен емес еді. Насос арқылы суды сыртқа сорып, шахтаны құтқарып қалып едік. Ал қазір оның қандай су екенін де білмейміз. Егер шахтаны жаппай су басса, оның опырылып түсетіні анық, - дейді академик, жергілікті геолог Хасан ҚАМАШЕВ. - Мен бәрінен бұрын тұз көлін жоғалтып аламыз ба деп қорқамын. Егер қауіптің алдын алмаса, Индер өзінің барлық табиғи байлығынан айырылып қалады.

- Шахтаның төменгі қабатында метан газы бар ма? Шахта қоймаларында детонаторлар сақталған деген ақпарат бар.

- Жарылғыш құралдарының мерзімі өткен. Олар қауіпсіз. Ал жер астында жиналған метан газ бар. Егер ол жерге абайсызда от тасталса, онда қуатты жарылыс болады.   

Х. Қамашевтың айтуынша, шахтаны өз иелігіне алуға ниет білдірген инвестор (ол аты-жөнін айтудан бас тартты - Л.Қ.) табылыпты. Бірақ, академик шахтаны су басқанын білсе, инвестор өз райынан қайтып қалады деп қауіптенеді.

- Өз күшімізбен шахтаның апанын бітеу, айналасын қоршау мүмкін емес, - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИН. - Оған қыруар қаржы керек. Оны жергілікті бюджеттің қалтасы көтермейді. Біз облысқа ұсыныспен хат жолдап отырмыз. Алдағы уақытта қандай шара алынатынын нақты айта алмаймын. 

Сонымен, қорқыныш туғызған шахтаның жай-күйі осы. Иесіз қалған шахта ешкімге керек емес. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА      

24 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.