Облыстық әкімдікте облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ кәсіпкерлермен кездесуі болып өтті.
Кәсіпкерлер 20-дан астам жоба ұсынды. Атап айтсақ, «Келешек» компаниясының атқарушы директоры Бейбіт БИСЕКЕШ ешкі сүтінен өнімдер шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Кәсіпкердің айтуынша, жобалық құжат дайын, зауыт құрылысы мен мамандарды оқытуға 6 ай жеткілікті екен. Жабдықты Германиядан сатып алмақшы.
- Біз мамандарды – 50 адамды Ресейден оқытпақпыз, олар тұрақты жұмыс орындарымен қамтылатын болады. Ал ешкілерді Еуропадан әкелмек ойымыз бар, - деді Бисекеш.
Бизнесмен Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ спорттық-сауықтыру кешенінің жобасын ұсынды. Сонымен қатар, картинг мектебін ашу және балаларды халықаралық деңгейдегі турнирлерге дайындау жоспарда бар екен.
Ал жергілікті кәсіпкерлер үшін бизнес-идеяларды қаржыландыру басты проблема боп қалып отыр. Кездесуге қатысқан мемлекеттік және жеке қаржыгерлер несиелік қаржылар алудың анағұрлым оңтайлы әдістері туралы әңгімеледі.
- Барлық ұсынылған жобалар мұқият қаралатын болады. Біздің өңіріміз үшін өзекті деп танылғандарға таяу уақытта қолдау көрсетіледі, - деп қорытындылады Б.Ізмұхамбетов.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, таяу уақыттарда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін және алкогольсіз сусындар шығаратын зауыттар құрылысының жобалары қаралатын болады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА