Атырау, 25 қараша 09:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Емтихан сәтті өткізілді

5 345 просмотра

Бірінші президенттің «Өркен» білім беру грантын алу конкурсына Атырау облысынан 576 оқушы жіберілді. Олардың құжаттары білім және ғылым министрлігіне тапсырылды.

Тестілеу екі кезеңде - 6 және 9 қаңтарда, екі ауысымда өткізілді. Біріншіде 7-8 сынып, екіншіде – 9-сынып  оқушылары емтихан тапсырды. Бірінші тестілеу нәтижелері келесі күні белгілі болып, таңертеңгі сағат 10-да емтихан өткен Мұнай және газ институтының жанындағы қабырғаға ілінді. Тестілеудің бірінші турына барлығы 2195 адам қатысты, олардың 791-і ауыл мектептерінен келген. Ең жоғарғы 75 балдық межеден келесі кезеңге өтуге мүмкіндік беретін 30 балдық деңгейді 1183 адам жинады. 184 апелляция беріліп, 27 үміткерге қосымша балл қосылды.

- Таза техникалық жағдайға байланысты бір оқиға болды. Тағы бір жағдайда екі дұрыс жауабы бар сұрақ кездесті. Бірнеше оқушылар дұрыс жауаптарын ең алдымен бір бетке жазып, соңынан жауап парақтарына көшіргенде, жолдарын шатастырып алған. Мұндай жағдайларда шешім әрқашан балалар жағында болады, - деп түсіндірді «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономдық білім беру ұйымы Атырау облысындағы өкілдігінің директоры Тавиля АКИМОВА.

Екінші турға апелляцияларды қосқанда 1204 оқушы жіберілді. 7-8 сыныптар үшін математика мен биологиядан, 9-сынып оқушылары үшін математика мен химиядан жазбаша тапсырмалар жазуы керек болды. Өту балдарын 576 адам жинай алды.

«Назарбаев Зияткерлік мектебінің» автономдық білім беру ұйымының өкілдері конкурстық іріктеу қорытындысын сараптай келіп, конкурс барысында ешқандай бұзушылықтар мен жанжалдар орын алмағанын басып айтты. Тестілеу және апелляциялық комиссияның жұмысы кезінде Мұнай және газ институтының ішінде ішкі істер органдары қызметкерлері мен медбикелер кезекшілік атқарды. Конкурсты ұйымдастыруды Астана, Семей, Ақтөбе, Орал және Көкшетау қалаларынан келген мамандардың беделді командасы өз қолдарына алды. Қабылдау комиссиясын «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономдық білім беру ұйымы оқушылармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Еркежан ӘБСЕМЕТОВА басқарды.

Жергілікті кадрлар, сондай-ақ біздің кураторымыз болып есептелетін «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономдық білім беру ұйымының Семей қаласындағы физика-математика бағытында оқытатын мектеп қызметкерлері конкурстық жұмыстарды тексеруге жіберілген жоқ. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономдық білім беру ұйымы басшылығының Мұнай және газ институты ректоры мен ұжымына деген алғыстары шексіз. Олар тек орынжай беріп қана қойған жоқ, сол сияқты конкурсты ұйымдастыруға да көп көмегін тигізді: институттың оқытушылары аудиторияларда кезекшілік атқарды.

Енді атыраулық оқушылардың тағдыры білім және ғылым министрлігі жетекшілік ететін республикалық комиссия қолында. Конкурс барысында денсаулығына, әлеуметтік жағдайына, отбасы жағдайына байланысты ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Осындай жағдайлар, әсіресе, бір сыңары қажетті балды жинап, екіншісі жинай алмаған егіздердің ата-аналары үшін ауыр тиді. Алайда бірнеше егіздер өз сыңарларымен бірге сынақтан өте алды.

-  Мұндай сәттер жатақханадан орын беру кезінде ескеріледі. Баршаңызға белгілі, ол 120 орынға есептелген, ал бізде ауылдан келген балалар - 143. Арнайы ережеге сәйкес, жатақхана, бірінші кезекте, көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, жетімдерге беріледі, - дейді Тавиля Акимова.

Республикалық конкурс қорытындысы алдағы 2-3 аптада белгілі болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

24 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.