Атырау, 15 мамыр 13:40
 ашықВ Атырау +24
$ 428.71
€ 519.12
₽ 5.79

​Құрып бара жатқан Жемнің бойындағы шаруалардың дауы

2 878 просмотра

Жылыой ауданындағы Жем өзенінің тартылуы мал және егістікпен айналысатын шаруаларды әбігерге салып қойды. Су жетпестігі ауыл тұрғындары арасында жиі жанжал туғызып тұр.

Бұған Шоқпартоғай ауылының (Қара Арна ауылдық округі) тұрғындары Жем өзені бойында уақытша бөгет салғаны себеп болды. Ал ағыстан төмен отырған Тұрғызба және басқа да ауыл (Жем ауылдық округі) тұрғындары сусыз қаламыз деп ойлайды. Бұл жағдай жыл сайын орын алып отыр.

«Атамұра» ШҚ басшысы Жомарт САРТАЕВ

- Шоқпартоғайлықтар Жемнің бойына жыл сайын бөгет салып жүр - бұл заңсыз деп есептеймін, - дейді Жем ауылдық округы атынан «Атамұра» ШҚ басшысы Жомарт САРТАЕВ. – Осы бөгет болғандықтан Кіші Жемнің бойында отырған Тұрғызба, Жаңа Қаратон, Қосшағыл ауылдары мен Қойсары, Қараша жерлеріндегі шаруа қожалықтарына жеткілікті су бармай отыр. Бұл қастандық қой. Қараша көлі жыл сайынғы бөгет салдарынан құрғап қалды, ал оның бойында қаншама шаруалар малмен отыр.

Жанаргүл ШАРҒАБАЕВА

Оның сөзін қоғам белсендісі Жанаргүл ШАРҒАБАЕВА да қолдады – оның ойынша, осы бөгеттің кесірінен өзен бойын топырақ басып, зиян келіп жатыр, ал бұған құзырлы орындар көзжұмбайлық танытып отыр.

Наразылық танытқан тұрғызбалықтарды «қарсы» жақ – Шоқпартоғай ауылының тұрғындары түсіністік танытуға шақырды.

Әлім БАЙЖАНОВ

- Сіздер бізді де түсінулеріңіз керек, біз де судың жетпестігінен зардап шегіп отырмыз. Ал бұл бөгет өмір бойы тұрмайды ғой, тек 10-15 күн ғана тұрса, біз тоғанға аз ғана суымызды жинап алар едік. Кейін алып тастаймыз, - дейді Қара-Арна округінің тұрғыны, ШҚ басшысы Әлім БАЙЖАНОВ.

Жарылқасын БАЙЖАНОВ

- Бұл бөгет бізге керек, ол болмаса осы округке қарасты елді мекен тұрғындары мен шаруа қожалықтары сусыз қалады. Осы бөгеттің кесірінен бүгінде екі ауыл арасында араздық туып отыр. Бұл жерде бір-бірімізді кіналап қайтеміз. Онсыз да аз суды тиімді пайдаланайық, - дейді Аманқұл МАҚТАУБАЕВ пен Жарылқасын БАЙЖАНОВ.

Бірақ, бұл жағдайда бір шешімге келу оңайға соқпайтын сияқты. Әрқайсысы өз мүддесін қорғап екі ауылдың тұрғындары аудандық прокуратураға арыз түсірді.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жантөре РАШЕВ:

- Жылыой ауданының ауыл шаруашылығының дамуы аудан аумағынан өтетін Жем өзенінің суына тікелей тәуелді. Соңғы 3 жылда Жем өзені тасымай қалып, жаз айларында өзен бойы құрғап қалды. Бұл жағдай аудандағы шаруаларға қиындық туғызды. Оның ішінде аудан бойынша ең малы көп Қара-Арна ауылдық округі аумағындағы «Ботайкүп», «Сайманкүп», «Сырымкүп», «Қоскөлдегі» азғантай су күз айларына дейін жетпей таусылды. «Ащысай», «Қарасу», «Құлжан», «Майкөл», «Бортылдаұты» деп аталатын мал су ішетін су тұрандар су жетпей кеуіп қалды. Жем ауылдық округ аумағындағы «Бимырза», «Қарашағыл», «Бақшакөл», «Құсман», «Қарашакөл», «Аққұдық» күптеріндегі су қорлары азайды. «Шөгіркөл», «Қарашакөл», «Қылыш» көлдері кеуіп кетті.

Жалпы екі аулылдық округті салыстырғанда су тапшылығының әсері Қара-Арна ауылдық округіне көбірек тиеді. Себебі, өр суы аз келген жылдары Жем өзенінен бөлінетін Айғара мен Ақтайлақ өзектеріне су шықпай қалып, аталған күптерге, көлдерге су құймайды. Ал Жем ауылдық округіндегі күптер мен көлдер Жем өзенінің бойында орналасқан. Өр суы аз келсе де күптерге су құяды.

Ж.Рашевтың айтуынша, мұнда биыл Ақтөбе облысынан келетін өр суы мол келер деп үміттеніп отыр. Себебі тау басына қалың қар түскен. Жалпы, жағдай қиын. Сусыздықтың зардабын тартқан кейбір жылыойлық шаруашылықтар Ақтөбе облысынан жер алып, шаруашылығын соған тіркетуге мәжбүр. Ал егіншілер көршілес аудандардан жер алып, егіс егу қамында жүр. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

9 сәуір, 17:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.