Қаңтар айында жаңбырдың жаууы – ауа-райының сирек құбылысы. Жергілікті синоптиктер мұны бүгін және ертең Атырау облысы арқылы жылы бұлтты аумақтардың өтетіндігімен түсіндірді.
Атырау облыстық «Қазгидромет» РМК метеоболжам бөлімінің бастығы Күлайна МЫРЗАШЕВАНЫҢ айтуынша, ертең Атырауда осындай ауа-райы болады деп күтілуде. Оңтүстік бағытта жел соғып, күндіз 0-2 градус жылы, түнде 2-4 аяз болады.
– Бұлтты аумақтардың ыдырауы әсерінен ауа-райы тұрақсызданып, жауын-шашын, тұман,көктайғақ болады,– дейді К. Мырзашева. – Қаңтардың үшінші онкүндігі ішінде облыс бойынша ауа температурасы түнде 6-11, кей жерлерде 1-ден 13-18 градусқа дейін болса, ал кей жерлерде 23 градусқа дейін аяз болады деп күтілуде. Күндіз 2 градус аяздан 3 градусқа дейін жылы, түнде 6-11, кей жерлерде 16 градус аяз болады.
Бүгінгі ауа-райына байланысты шетелдік компаниялар көктайғақ салдарынан кешкі уақытта зақым алмас үшін өз қызметкерлерін үйлеріне таратып жіберді. Өкінішке орай, жергілікті коммуналдық қызметкерлер тұрғындардың қамын әзір ойлай қоймапты, жер жерде аяқжолдар жалтырап жатыр. Балалар травматологиялық бөлімшесіне әзірге еш шағым түспеген. Бөлімше меңгерушісі Руслан ЖАНБЕКЕЕВ мұны балалардың әлі сабақтан тарамағандығымен байланыстырды. Шынымен де, кешке қарай күн суытып, жер қатқақтанып, қала тұтас мұз айдынына айналғанда ең қауіпті уақыт басталмақ.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Коммуналдық қызметкердің уәдесі
Бүгін кешкісін термометр бағандары нөлден төмен түскенде, «Арнаулы автобаза» Атыраудағы көпірлерге құм мен тұз ерітіндісін сеуіп, ал жолдарға тұз ерітіндісін төгуді жоспарлап отыр.
- Қазір күн жылы боп тұрғанда, мұны сепкеннен пайда жоқ, - деп растайды «Арнаулы автобаза» бастығы Мұратбек МАХАНОВ.
Негізгі көшелерге (Азаттық, Махамбет, Әуезов, Сәтпаев, Владимирский, Пушкин және т.б.) себу үшін 6 автокөлік жұмылдырылады. Бұдан басқа, Махановтың айтуынша, оның жұмысшылары негізгі көшелердің аяқжолдарына, сонымен қатар мектептің, балабақшалардың, емханалар мен басқа әлеуметтік нысандардың кіре берістеріне құм мен тұз сеуіп тастамақ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА