Қаржы полициясы «Атырау Агросервис» ЖШС-нің («Атырау» ӘКК еншілес кәсіпорны) директоры мен басқа лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабының 3-тармағы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету») бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің сайтында.
2012 жылдың 10 шілдесінде олар «Атырау Агросервис» ЖШС кеңсесінде құрылыс-жөндеу жұмыстарын орындауға «NORIN» ЖШС-мен жалған келісім-шарт жасап, «NORIN» ЖШС-нің шотына 3,1 млн теңге аударған.
Қылмыстық кодекстің осы бабымен «Алтын Түбек» ЖШС директоры азамат Д. мен Махамбет аудандық құрылыс бөлімінің кейбір қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар 2007 жылдың 14 наурызында «Махамбет ауданының Береке селосындағы блоктық су тазарту құрылғысы мен поселкеішілік су құбыры желілерінің құрылысы» нысаны бойынша келісім-шарт жасап, содан соң орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып, бюджеттің 9,3 млн-нан астам теңгесін бірге жымқырған.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА