Атырау, 12 қазан 15:17
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Атырау жерінде газ өңдеу зауыты салынуда. Әлі төртеуі салыну керек

3 449 просмотра
Көрнекі сурет

Мақат ауданында газ өңдеу зауытының құрылысы басталды, дәлірек айтсақ, жұмыс күшін жұмылдыру, аумақты дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан НОҒАЕВ үкімет отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде жобалық-сметалық құжаттама бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба инвесторы - Engineering procurement construction (EPC). Бірақ мердігер әлі аталған жоқ. Бұдан бұрын бұл 2018 жылы Ақтөбе облысындағы Қожасай кен орнында ілеспе мұнай газын кәдеге жарату және қайта өңдеу зауытын салған «Gas Processing Company» ЖШС болуы мүмкін деп хабарланған болатын.

Құрылыс жұмыстарын аяқтау 2023 жылдың соңына жоспарланған.

Еске салсақ, құны 860 млн болатын газды кешенді өңдеу қондырғысы (зауыт) Атырау қаласынан 60 км, Мақат кентінен 63 км және Қарабатаннан 25 км қашықтықта орналасқан. Оның ауданы - 80 гектар. Зауытта тауарлық газ (жылына 815 млн текше метр), сұйытылған (119 мың тонна), күкірт (212 мың тонна) және газ конденсаты (35 мың тонна) өндіріледі. Шикізат (күкіртсутек газы) «Болашақ» зауытынан құбыр арқылы жеткізіледі.

Болашақта өндірісті әрі қарай жылына 4-5 млрд текше метрге дейін кеңейту қарастырылуда.

Өндірістен басқа жоба жүзеге асырылғанда күтілетін нәтиже - жұмыс орындарын құру: құрылыс кезеңінде 2800 адам және пайдалану кезеңінде 600 адам, сондай-ақ Қашағанда мұнай өндірісін жылына 8-10 миллион тоннаға көбейту.

Бұдан басқа, Нұрлан Ноғаев жалпы мұнай-газ химиясын дамыту туралы айтты. Оның айтуынша, Атырау, Орал және Шымкентте мұнай мен газды терең өңдеуге арналған 5 зауытты іске қосу арқылы 2019 жылмен салыстырғанда экспортқа бағытталған мұнай-газ химия өнімдері өндірісін 9 есеге ұлғайту көзделген.

Атап айтқанда, Атырау облысында - қуаты жылына 500 мың тонна болатын полипропилен өндіретін зауыт және қуаты 57 млн текше метр азот және 34 млн текше метр құрғақ сығылған ауа шығаратын техникалық газ шығаратын зауыт. Бұдан басқа, бізде қуаты жылына 430 мың тонна полиэтилентерефталат өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр.

Атырау интеграцияланған газ-химия кешенінің II кезеңіне, атап айтқанда, қуаты жылына 1 млн 250 мың тонна болатын полиэтилен шығаратын зауыт құрылысына келетін болсақ - Ноғаев бүгінде стратегиялық серіктес табу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Атап айтқанда, өзінің «MarTECH» лицензиялық технологиясын және off-take келісімшартын қолдауға қатысты көмек ұсынған Chevron Phillips Chemical компаниясымен келіссөздер басталды. Жақын арада ынтымақтастық, оның ішінде жобаға қатысу бойынша мәселелер егжей-тегжейлі талқыланады, деп нақтылады министр.

Стратегиялық серіктесті тартудың негізгі шарты – жобаны шикізатпен қамтамасыз ету болғандықтан, бүгінде «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп, қуаты 9,7 млрд текше метр газ айырғыш қондырғыны – құрғақ газдан этан алуға арналған қажетті инфрақұрылымды салу мәселесі пысықталуда. Қазіргі уақытта жапондық Japan Gasoline Co. Holdings Corporation компаниясы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде.

Еске салсақ, былтыр австриялық Borealis компаниясы өз шешімін коронавирус пандемиясымен және болашақтағы нарық перспективаларының айқынсыздығымен түсіндіріп, бұл жобадан кеткен болатын.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

18 наурыз 2021, 16:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.