Атырау, 12 қазан 15:15
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Атыраудағы локдаун - рас па, өтірік пе?

4 523 просмотра

Атырауда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Наурыз мерекесінде, наурыздың 21-інен бастап қалада локдаун енгізілетіні туралы ақпарат таралуда.

Атыраулықтар жолдаған хабарламада былай делінген:

«21 наурызда Атырауда локдаун енгізіледі. Сауда-ойын сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда орталықтары, қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады, жабық азық-түлік емес базарлар, азық-түлік емес тауарларды өткізетін объектілер, жабық спорт объектілері, ХҚО, «Қазпошта» АҚ секілді мекемелердің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Сенбі және жексенбі күндері фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың («Ashyq» пилоттық жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда) жұмысына тыйым салынады. 18 наурыздан бастап қоғамдық тамақтану объектілерінің (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмыс және демалыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс уақыты қысқарады. Кинотеатрлар мен кинорумдардың жұмысына тыйым салынады. Наурыз мейрамына орай бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады». (Мәтіннің орфографиясы мен пунктуациясы сақталған – автордың ескертпесі).

«АЖ» облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгінді. Департаменттің баспасөз қызметі таралған ақпараттың жалған екенін, қазір Атырауда Атырау облысының бас санитар дәрігерінің шектеу шаралары туралы 07.03.2021 жылғы №4 қаулысы күшінде екенін хабарлады.

Facebook-тегі департаменттің ресми парақшасында да Наурыз мейрамы қарсаңындағы мереке және демалыс күндері облыста 7 наурыздан бастап барлық шектеу шаралары күшінде болатыны хабарланған.

«Атырау облысының тұрғындарын сізді, жақындарыңызды және басқаларын коронавирус инфекциясынан қорғайтын маңызды ережелерді есте сақтауға шақырамыз:

- адамдар көп жиналатын орындарға бармаңыз;

- бір отбасының мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан артық топ болып алаңға,  жағалауларға, саябақтарға және басқа да облыс тұрғындарының демалыс орындарында жиналуына тыйым салынады;

- ұжымдық іс-шаралар өткізбеңіз және бармаңыз;

- қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтаңыз;

- маска режимін сақтаңыз», - делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, 17 наурыздағы Қазақстан аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Атырау облысы Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстары секілді «сары» аймақта. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Батыс Қазақстан облысы «қызыл» аймақта қалды.

Айнұр САПАРОВА

17 наурыз 2021, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.