
«АЖ» редакциясына интернет арқылы ажырасуға қалай өтініш беруге болады деген сауалдар көп түседі. Онлайн ажырасу қанша уақытты алады және атыраулықтардың ажырасуы неліктен жиілегені «АЖ» материалында.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл ішінде Атырауда 3286 неке қиылған. Қалалық сотқа былтыр жыл ішінде неке бұзу туралы 1163 арыз түскен.
Онлайн ажырасу қалай өтетінін Атырау қалалық сотының төрағасы Жақсылық ЖАСҰЛАН айтып берді.

WhatsApp арқылы ажырасу
Былтыр наурыздан бастап пандемияға байланысты барлық талап арыздар онлайн режимде қабылдануда. Ерлі зайыптының біреуі неке бұзу туралы өтінішті сот сайты арқылы электронды түрде жолдайды. Арыз қабылданғаннан кейін тараптар WhatsApp немесе Zoom платформалары арқылы онлайн қатысады.
Талап арыз кеңсеге түскен күннен бастап 10 жұмыс күн ішінде қабылданады. Осы уақыт ішінде арыздар судья медиаторларға түседі. Олар татуластыруға және некені сақтап қалуға жұмыстанады. Егер татуласу мүмкін болмаса, 10 жұмыс күннен кейін медиатор істі басқа судьяға жолдайды. Бұл процестердің бәрі кеңсе арқылы жүргендіктен келесі отырысты қай судья қабылдайтыны белгісіз. Істі сотқа дейін дайындау жұмыстары тағы 20 жұмыс күнін қажет етеді. Осы уақыт ішінде талап арыз жауапкерге жіберіліп, дәлелдемелер мен пікірлер жинақталады. Іс сотқа түскеннен кейін әрі қарай екі айдың ішінде іс қаралып бітуі керек.
Ал, егер сотта тараптардың бірі қарсы болса, Неке және отбасы туралы кодекске сай оларға тағы 6 айға дейін мерзім беріліп, іс уақытша тоқтатылады. Егер осы уақыт ішінде отбасын сақтап қалу мүмкін болмаса, неке бұзылады.

Әйелі рұқсатсыз үйден кетіп қалған
Үйлене салып, бір аптадан соң ажырасуға арыз беретіндер де бар. Көпшілігі 20 мен 50 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар. Некеге тұрғаннан кейін 5-10 жыл ішінде ажырасатын жиі кездеседі.
Былтыр 60 жастағы қария әйелі үйінен рұқсатсыз кетіп қалғаны үшін сотқа талап арыз берді. Татуластыру кезінде әйелі бала-шағасы үшін некені сақтап қалайық деп қарсылық білдірді. Оларға уақыт берілді, бірақ қария рұқсатсыз үйден шығатын әйелмен тұрмаймын деген бетінен қайтпады. Өзара келісе алмаған соң некелері бұзылды.
Көп жағдайда, мінез-құлықтарының сәйкес келмеуі, күйеулерінің ішімдікке, нашақорлыққа салынып кетуінен әйелдер ажырасуға арыз береді. Соңғы кездері тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құмар ойынға берілуі салдарынан ажырасып жатқандар көбейді.
Сотқа жүгінбей неке бұзуға бола ма?
Егер екі тарапта мүліктік дау жоқ болса, араларында кәмелет жасқа толмаған бала болмаса, екеуі де бірауыздан неке бұзуға ниетті болса, онда сотқа келмей-ақ АХАТ бөліміне барып некені бұза алады.
Көбіне неке бұзылған кезде мүліктік дау туындайды. Ортақ мүлікті бөлу кезінде тараптардың келісе алмауынан іс ұзақ уақытқа созылады. Өйткені тараптар некеге тұрған кезде неке шартын жасаспайды.
Неке шарты арқылы қандай мүлік екеуіне ортақ болады, қандай мүлік кімдікі болады соны анықтап алуға болады. Оны АХАТ бөлімі жүзеге асырады. Неке шарты некені сақтап қалуға да септігін тигізеді. Мысалы, неке бір тараптың кінәсінен бұзылатын болса, ол тарап ештеңесіз қалады деп те көрсетуге болады. Неке шартын некеге тұрғаннан кейін де жасаса болады.
Ажырасуға болмайтын себептер бола ма?
Ажырасатын уақытта әйелі жүкті болса немесе 1 жасқа толмаған баласы болса, неке бұзылмайды. Дегенмен бұл жағдайда егер әйелі өзі келісімін беріп тұрса, онда сот кедергі бола алмайды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор
В Атырау -2