Атырау, 12 қазан 15:19
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

«Мұздай судан тек екі бас көрініп тұрды»: капитан екі жасөспірімді құтқарып қалды

Бейнежазба
2 541 просмотра

Атырауда 11 наурызда полиция капитаны Асқар ҚАБДОЛЛАЕВ Балықшы ауылында мұз астына түсіп кеткен екі жасөспірімді құтқарып қалды.

15 және 16 жастағы жасөспірімдер Владимир мен Данил, бірі – колледж студенті, екіншісі – 8-сынып оқушысы, үйлеріне төте жолмен баруды құйғарып, өзен арқылы Балықшыдан Рембазға қарай шығады, екеуі көрші екен. Осы кезде Асқар Қабдоллаев жұмыстан тыс уақытында, жағалауда серуендеп жүрген. Балаларымен кешкі уақытта жүгіруге шыққан кезі екен. Ол көмек шақырған дауысты естіп, бірден өзенге жүгіреді.

Біз Асқармен хабарласып, қалай болғанын өзінен сұрадық.

- Ымырт үйіріліп қалған уақыт еді, сағат 20.00 шамасы болатын. Кетіп бара жатсам, балалардың «аға, құтқарыңыз!» деп айқайлаған дауыстарын естідім. Қарасам, мұзды судан екеуінің басы ғана көрініп тұр. Көп ойланбастан жағалауға жүгіріп барып, сол жерден бір метрдей таяқ тауып алдым да балаларға ұзаттым. Алдымен бірін, сосын екіншісін шығарып алдым, - деп әңгімеледі Асқар Қабдоллаев.

Жасөспірімдердің өмірін құтқарамын деп жүргенде полицей телефонын жоғалтып, байланыссыз қалыпты. Сондықтан жедел жәрдемді бірден шақыра алмаған. Құтқарылған балаларды алдымен өз үйіне апарып, жылындырып, 102-ге кейін қоңырау шалуына тура келген.

- Балалар Балықшыдан Авангард арқылы Рембазаға бармақ болған. Оларды үйге әкеліп, дереу 102-ге қоңырау шалдым. Оларды балалар ауруханасына алып кетті. Мен үйге әкелген кезде қатты әлсіреп, үсіп қалған екен. Өздіктерімен киімдерін шеше алмайтын еді. Оларға бойларын жылытсын деп ыстық шай беріп, үстерін құрғатсын деп орамал бердім. Содан соң киімдерін ауыстырып, балаларымның киімін кигіздім. Балаларымның киімдері қона кетті. Содан соң ата-аналарын үйіме шақырттым. Бірақ бір жасөспірімнің ғана анасы келді, екіншісі жұмыста екен, - дейді Асқар.

Айтпақшы, оның өзінің төрт баласы бар, тұңғышы - 17 жаста, кенжесі – 7 жаста. Өзі Құрманғазы ауданының Нұржау ауылының тумасы. Әріптесім Нұргүл Хайруллина да сол жердің тумасы. Қазір Асқар Атырау қалалық полиция басқармасының қабылдау-тарату орны полиция бөлімшесінің басшысы болып жұмыс істейді.  

Біз ұлын алып кетуге келген Данилдің анасымен хабарластық.

- Иә, осы кісі жанында өтіп бара жатып, дер кезінде көмек беріп, балалардың өмірін арашалап қалды. Қазір ұлымның жағдайы жақсы, балалар ауруханасында тексеруден өтті, бәрі дұрыс, - деді сөзге сараң әрі өзін таныстырғысы келмеген жасөспірімнің анасы.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір балалардың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Екінші жасөспірім Владимирдің ағасы полиция капитаны Асқар Қабдоллаевқа шексіз алғысын білдіріп, мұны үлкен ерлік деп бағалады. Сақ болыңыздар, күннің жылынуына байланысты мұзбен жүру қауіпті екенін есте шығармаңыздар.

Айнұр САПАРОВА

Сурет пен бейнежазбаны ұсынған ПД

17 наурыз 2021, 11:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.