Атырау, 12 қазан 15:15
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Барымташылар малға қырғидай тиіп жатыр

Толықтырылды Бейнежазба
2 885 просмотра

Атырау облысы Индер ауданының малшылары жайылымдағы малына барымташылардың қырғидай тиіп, тыным бермей отырғанына шағымдануда.

Көршілес Батыс Қазақстан облысымен көрші отырған екі облыс шаруалары енді қылмыскерлердің жылқыларын мылтықпен атып алуға көшкеніне налуда.

Индерлік шаруа Айтқали ЖАЛИЕВТЫҢ төрт бірдей жылқысы барымташыларға «жем» болған. Ұрылар түнде жылқыларды айдап кетіп, сойғанын сойып алып, қалғанын далаға жайратып тастап кеткен.

- Тайпақ ауданымен көрші отырмыз. Мен отырған «Қарсақпай» қыстағынан 500 метр жерде Батыс Қазақстан облысы жері. 10 наурызда түнде Тайпақ жерінде екі жылқының бірін кеудесінен, екіншісін басынан атқан күйі таптық. Оларды тастап кетіпті, біреуін бауыздап үлгердім. Ал екі жылқыны сойып алып, ішек-қарнын, бас, сирағын лақтырып кеткен. Тіпті бір буаз биеден құлын да шыққан. Ұрылар ұсталмағасын басынып тұр. Биыл қаңтарда екі жылқымды атып алған, қылмыскерлер әлі табылған жоқ, - деп шағымданады Айтқали Жалиев.

Шаруалар жылқымен бірге енді сиырларымыз да қолды бола бастады деп шағымданады.

- Табылмай із-түссіз жоғалып кеткені қаншама. Ал құзырлы орындардың дәрменсіздігінен қаскөйлер ұсталар емес, - дейді шаруалар. –  Екі облыстың полициясы бірігіп жұмыс жасаудың орнына бір-біріне сілтеп, күндерін өткізуде. Бірі жері біздікі емес, екіншісі мал біздікі емес дейді.

Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі қылмыстың көршілес Батыс Қазақстан облысы жерінде болғандықтан Тайпақ, Жаңақала аудандары полициясы айналысуы тиіс дейді. Ал барымташылар мал ұрлауды тоқтатар емес.

Кейінірек Атырау облыстық ПД баспасөз тобы былай деп комментарий берді:

- Индер аудандық полиция бөлімшесіне Елтай ауылының жәбірленуші тұрғыны жүгінген. Оқиға орнына Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ полиция бөлімшесінің жедел тергеу тобы барып, тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Қазір Батыс Қазақстан облысының полициясы Атырау облыстық полициясы қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеуде. Осы қылмыстық іске қатысты күдіктілерді анықтау жұмыстары жалғасуда. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

16 наурыз 2021, 15:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.