Бүгін Арменияда ресми түрде 18-ші ақпанда өтетін президент сайлауына үгіт- насихат кампаниясы басталды.
ИТАР-ТАСС хабарлауынша, Арменияда осымен алтыншы рет мемлекет басшысы тағына сайлау өткізілмек. 14-ші қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы ел президенттігіне үміткер сегіз кандидатты тіркеген.
Армения президенті, республикалық басқарушы партияның төрағасы Серж Саргсян қарсыластарына қарағанда салмағы басым тұлға болп саналады. 2008 жылы сайланған президент елдің заңына сәйкес, тағы бір мәрте сайлауға түсуге құқылы.
Сонымен қатар елдің бұрынғы премьері, парламент депутаты және оппозициялық «Свобода» партиясының басшысы Грант Багратян да сайлауда бақ сынайды. Бұрынғы сыртқы істер министрі, «Наследие» оппозициялық ұлттық-демократиялық партиясының басшысы Раффи Ованесян, бұрынғы диссидент Паруйр Айрикян, саясаттанушы Арман Меликян да кандитат ретінде тіркелген.
Бүгінгі күннен бастап барлық үміткерге сайлауалды насихат жұмыстарын жүргізу үшін тегін және ақылы түрде эфир уақыты беріледі. Армения сайлау кодексі бойынша, үміткерлерге қоғамдық телеарнада бір сағат және қоғамдық радиода екі сағат уақыт тегін беріледі. Сайлау комитетіндегі жеребе тастау қорытындысы бойынша, алдымен Паруйра Айрикян халық алдында сөз сөйлесе, 16 ақпанда ел басқарып отырған Серж Саргсян қорытындылайды.
Қоғамдық телеарнадағы кандидаттар күн сайын сағат 18:00-де өздерінің сайлаушыларына бағдарламаларын таныстырады. Ал қоғамдық радиодан кандидаттар күніне екі мәрте, сағат 13:30 және 21:40-та сөйлейтін болады.
Армения Орталық сайау комитетінің хабарлауынша, кестеге сәйкес, дауыс беруге бір тәулік қалғанда түнгі сағат 12-де үгіт-насихат кампаниясы жабылады. 17-ші ақпаннан бастап барлық насихаттау жұмыстарына тыйым салынған.
Дереккөз: bnews.kz