Атырауда киіктің мүйізін Қазақстаннан Қытайға сатумен айналысқан 12 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Топты басқарған бұрын ҚХР азаматы болған қазақ. Қылмыстық бизнес және Синцзяньдағы түзету лагері туралы – «АЖ» материалында.
Қылмыстық топтың басшысы – 38-жастағы Қытай азаматы. Этникалық қазақ Синьцзянь-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Құлжа ауылында дүниеге келген. Бала кезден Қытайда түрлі кәсіппен айналысып, кейін Қырғызстанда көкөніс, киім-кешек, мата, ыдыс-аяқ сатады. 2016 жылы алғаш рет Қазақстанға келіп, алдымен Таразда болып, кейін Алматыда бизнес ашқысы келді, бірақ жолы болмады. Бір жылдан кейін Қытайға қайта оралды. Онда сол кезде ислам дінін берік ұстанған адамдар қудаланып, солармен бірге оның үш ағасы Синцзяньдағы арнайы түзеу лагеріне қамалды. Болмысы қазақ қытайлық азамат таңдау жасап, 2018 жылы ҚР азаматтығын алады.
Осы жерде дені дұрыс шаруамен айналысса нетті, бірақ оның көңілі бұрыннан басқада болған. Сол 2018 жылы ол қылмыстық жолмен кәсіп бастап, өзінің бұрынғы туған жеріне киіктің мүйізін сатты.
«ҚЫТАЙ МЕДИЦИНАСЫ ҮШІН»
Сот талқылауында анықталғандай, 2018 жылдың жаз айынан бастап 38-жастағы ер адам киік мүйіздерін шығыс медицинасымен айналысатындарға сату мақсатында Қазақстанда қылмыстық топ құрады.
Алдымен топқа Алматы мен Шымкент қаласының тұрғындары қосылып, кейін қылмыстық топтың құрамы Орал, Атырау, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған тұрғындарымен толықты.
Шымкент қаласының тұрғыны бұрындары киік мүйізін сатумен айнылысып жүрген адамдармен байланысты. Жұмыстың барысы мынадай: олар киіктің мүйізін жоғарыда аталған өңірлерден сатып алып, пойызбен Алматыға жолсеріктер (олар қаптамада не бар екенін білмейді) арқылы жөнелтіп отырған. Ол жерден бағалы жүк Қытайға өткізіледі.
Біздің өңірді айтар болсақ: Атырауда бұрынғы Қытай азаматына киіктің мүйізін Қызылқоға ауданының үш тұрғыны, 36-жастағы Махамбет ауданының тұрғыны және Индер ауданының 46-жастағы тұрғыны сатып отырған.
2019 жылдың қазанында қылмыстық топты Алматы, Ақтөбе және Атыраудағы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері құрықтады. Жедел тергеу тобы тінту жүргізген кезде 1 тонна 118 келі киіктің мүйізін тәркіледі. Бұл қанішерлер жануарды өлтіріп, мүйізін кесіп алып, етін далаға тастаған – бәрін қайда жіберсін.
Мамандардың есебі бойынша, қылмыстық топтың заңсыз әрекетінен мемлекетке 5 млрд 665 млн теңге мөлшерінде зиян келген. Тіпті қылмыстық топтың мүшелері ұсталған кезде топ басшысы пара беріп, тоқтатқысы келді. Алайда ол жоспары іске аспады.
АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРІ – БАСШЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, сот 12 адамды ҚР ҚК 262 және 339-бабымен кінәлі деп таныды.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Екі адамға одан аз берілді. Сотталушының барлығы да қылмысын мойындамай, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Алайда сот үкімі өзгеріссіз қалды.
Фархат ӘБІЛОВ