Атырау, 21 желтоқсан 10:15
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​Атырау экологиясы: жол картасы қалай жүзеге асып жатыр?

3 279 просмотра

Атырау облысының экологиялық мәселелерін шешуге арналған жол картасының орындалу барысы туралы облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ әңгімелеп берді.

Қаланың сол жағалауындағы «Тухлая Балка» кәріздік сулардың 1336,2 га аумақты құрайтын булану алаңын тазарту бойынша: 

- Қаланың сол жақ жағалау бөлігіндегі кәріздік-тазарту ғимараты іске қосылғаннан кейін, «Тухлая балка» бұл булану алаңының  «АМӨЗ» ЖШС-нің нормативтік-тазартылған сарқынды сулар арнасын қайта жаңарту және «Тухлая балка» булану алаңын рекультивациялау жобасы әзірленген. Жұмыстардың алдын-ала құны - 5,3 млрд теңгені құрайды, - дейді облыстың бас экологы Бекмұхаметов.

Қаланың оң жағалауындағы 506 га құрайтын «Квадрат» кәріз суларының булану алаңын тазарту бойынша: алаңды қалпына келтірудің жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны - 8,2 млрд теңге. Сонымен қатар, қала мен қала аумағына қарасты елді мекендердегі жаңадан бой көтерген жеке тұрғын үй секторларындағы 11 учаскеге (Ет комбинаты, Атырау мөлтек ауданы, «Өркен», «Өркен-2», Сарықамыс-2», «Балауса», «Самал», «Нұрсая», «Жерұйық», «Лесхоз-2», «Мұнайшы» мөлтек аудандары) жалпы ұзындығы 112,6 шақырымды құрайтын өзі ағындық орталықтандырылған кәріз желісін жүргізу жұмыстарының жобалық-сметалық жобасы жасақталды. Аталған жоба құны - 3,4 млрд теңгені құрап отыр.

Бекмұхаметовтың айтуынша, «НКОК» компаниясы, «Вест Дала» ЖШС, «ТШО» ЖШС, «АМӨЗ» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ және «АЖЭО» АҚ кәсіпорындары ұсынған ақпаратқа сәйкес, қоршаған ортаға шығарындылар мен төгінділерді түбегейлі азайту бойынша іс-шаралар әзірлеген.

Инвестор ретінде тартылған «Промэкология» ЖШС 2022 жылға дейін жаңа қатты тұрмыстық-қалдықтар полигонының құрылысын  жүргізу жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық жобасы дайындалып жатыр. Жоба құны - 1 млрд теңге. Жоспар бойынша жылына 75 000 қатты-тұрмыстық қалдық қабылдайды. Алдағы уақытта қалдықтарды терең өңдеу кезде полиэтилленнен суағар, картонннан жұмыртқа қорабын, қаптамалар, синтетикадан люктер  және тағы басқа да заттарды әзірлеуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, тағы бір тұрмыстық қалдықтар жинайтын полигон құрылысы жоспарлануда. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі, орындаушы – «Полиграмм» ЖШС. Қала әкімдігі хабарлағандай, жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, тексеруден өтикен. Құрылыстың құны шамамен – 5,2 млрд теңге.

Айнұр САПАРОВА

10 наурыз 2021, 10:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.