Атырау, 19 сәуір 04:11
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Сегізқолдылар» маршы

2 412 просмотра

«Қайсар» спорт клубының шәкірттері беделді турнирлердегі алтын медальдарымен  спорт қауымдастығын талай қуантып жүр. 2012 жылы облыс құрамасы Қазақстан Кубогында командалық есепте бірінші орын алған болатын. Біз облыстық тай боксы федерациясының президенті Бағытжан МҰХАМБЕТАЛИЕВҚА (суретте) бірнеше сауал қойған едік.

«ЖС» мәліметі: Бағытжан Мұхамбеталиев,35 жаста,годзю-рю карате-додан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, полиция қызметкерлері арасында қолма-қол жекпе-жектен бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, 2007 жылдан бері облыстық тай боксы федерациясының президенті.

- Бақыт, «қайсарлықтар» алтын іздеушілер сияқты жұмыс жасап жатыр, облысымызға осыншама «алтынды» әлі ешкім әкелмеген болар...

- Өткен жылдың қаңтарында болған Қазақстан чемпионатында біздің жігіттер 9 алтын ұтса, Қазақстан Кубогында 11 алтынды иеленді. 2011 жылы Қазақстан Кубогында бірден 19 алтын алып, рекорд жасаған едік. Біздің табысымыздың тағы бір құпиясы – біз жекпе-жектерге барлық балаларды алып барамыз.

- Сіздерде шұғылданатын балалар көп пе?

- Атырау қаласы чемпионатына 200-ге жуық спортшылар жиналады. Қатысқысы келетіндер өте көп, алайда спорт залдары жетіспейді. Біз муай-тай мектебін салуға жер телімін алдық, енді құрылысқа ақша іздеудеміз. Әзірге жаттығулар «Мұнайшы» стадионында, музыкалық колледж спорт залында, «Балықшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде және годзю-рю карате-додан әлем чемпионатының жүлдегері, муай-тайдан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Болат Ізбасхановтың  Еркінқала селосындағы үйінің ауласынан салған спорт залында жүріп жатыр.

- Тай боксын «сегізқолдылар» айқасы деп атайды, өйткені мұнда ұрысқа қолмен бірге аяқ, шынтақ, тізе қатысады. Балаларды жарақат алудан қалай сақтандырасыздар? 

- Мен өзім «Балықшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жаттығу жүргіземін және бәріне бақылау жасаймын. Сонымен қатар, балалардың барлығында шлемдер, кеудеге, шынтаққа салатын тірегіштер, қолғаптар бар. Муай-тай тек Атырауда ғана емес, Қазақстанның барлық жерінде де әйгілі. Қазақстан тай боксы федерациясының вице-президенті болып біздің жерлесіміз, у-шудан әлем чемпионы, «Сұлтан Бейбарыс» фильміне түскен Фархат Аманқұлов қызмет атқарады. Ол - Атыраудағы танымал таэквондошы Әнуарбек Аманқұловтың немере ағасы. Фархат бұрын отбасымен Ақжар ауылында тұрған.

2007 жылы Фархат маған біздің спорт түріміздің деңгейін батыс өңіріндекөтеруді тапсырды. БізАқтөбеден каратэшілер мен кикбоксшыларды ашық чемпионатқа шақырудан бастадық. 2009 жылы осындай жұмысты Ақтауда жүргіздік. Олар да үйренді, тартылды. Ақтаулықтар жақында өздерінің бапкерлері Игорь Гороздюктің жетекшілігімен әлем чемпионатының алғашқы қола жүлдесіне қол жеткізді.

- Атырауда муай тайдан қанша әлем чемпионы бар?

- Мен облыстық федерацияны басқарғаннан бері біз екі жастар арасындағы әлем чемпионын – Роман Семерин менДидар Болатовты тәрбиеледік. Әр жылдары Гафур Камалов, Ищан Галиев жәнеӘл-Фараби Қойбағаров әлем чемпионаттарының жүлдегерлері болды.

- Сіздің ойыңызша, бұл биіктікке келесі кезекте кім көтеріледі? 

- Кеңес Әбдуғалиевтен үлкен үміт бар. Үш жыл бұрын ол Қазақстан чемпионатына алғаш қатысып, ең жас ел чемпионы және муай-тайдан спорт шебері болған. Сол жылы ол Еуропа чемпионы атанып, жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген болатын.

Әл-Фараби Қойбағаров жеке басының себептерімен біраз уақыт жаттығу жасамады, ал қазір қайтадан бастады.. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Әл-Фараби және ағайынды Ищан мен Әбіл Ғалиевтер Тайланд королінің Кубогына қатысу үшін Бангкокқа барады.

Біздің мақсатымыз – шәкірттеріміздің біреуінің әлем чемпионатында «А» сыныбы бойынша алтын иеленуі. Біздің әлем чемпиондарымыз «Б» сыныбында. «А» сыныбында тек «Б» сыныбының финалшылары мен кәсіпқой тайланд спортшылары өнер көрсетеді. Бұл - нағыз алыптар жекпе-жегі! Әр жылдары «А» сыныбы бойынша әлем чемпионатында алматылықтар Жамас Диас, Алмас Қасенов жәнеҚанат Бекенов топ жарған. Біз әзірге мұндай жетістіктермен мақтана алмаймыз. Алайда бәрі алда.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттерді түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

17 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.