Атырау, 13 қазан 01:23
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Атырау облысы әкімінің есебі: «Қарастырамыз, шешімін табамыз»

2 977 просмотра
Сурет: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

17 ақпанда Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ тұрғындар алдында 2020 жылдың есебін беріп, биылғы жоспарларымен бөлісті. Бұған дейін адамдар көп жиналатын жерге сұрақ қабылдау үшін жәшіктер орнатылды. Мұнымен қатар, әкім есебі жергілікті телеарналарда таратылды, ал әкімдіктің әлеуметтік желісінде қолданушыларға онлайн режимінде сұрақ қоюға мүмкіндік жасалды.

БАЯНДАМАДАН ҮЗІНДІ

Осы күнге дейін облыста 16774 адам коронавирус инфекциясымен ауырып, оның 128-і қайтыс болды.

2017-2020 жылдары Жайық пен Қиғаш өзендерінің 152 шақырымында тереңдету жұмыстары жүргізілді. Бұл өзендердің түбін тереңдету жұмыстарының алдағы жылдарға арналған жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жіберілді. 3 жыл ішінде осы мақсатқа 6,9 млрд теңге бөлінді.

Өңірдің табиғи газбен қамтылуы 99,3%-ға жетті - бұл ауыл тұрғындарының санына есептелген көрсеткіш (291 847). Биыл «Атырау-1», «Орбита», «Бірлік» газ тарату станциялары арасындағы жоғары қысымды газ құбырларының қуатын арттыру жұмыстары жүргізіледі.

Өткен жылы өңірде 10 денсаулық сақтау нысаны салынды, осындай мөлшердегі нысан күрделі жөндеуден өтті. Биыл ЭКО-ға бөлінетін квота саны 7 есеге артады. Облыстық аурухана базасында 20 кереуеттік гемодиализ орталығы ашылады.

Білім беру саласында: өткен жылы 9 балабақша мен 2 мектеп ашылды. Қазір 8 мектеп пен 11 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр.

2020 жылы қылмыс деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 38%-ға, жол-көлік оқиғалары 25%-ға төмендеді.

 

СҰРАҚ ПЕН ЖАУАП

Баяндамадан кейін шамамен екі сағатқа созылған сұрақ-жауап сессиясы басталды. Облыс әкімі «сұрақтар қарастырылады, шаралар алынады» деп, құрғақтау жауап қайтарды.

Исатай ауданындағы шаруа қожалығының иесі суару каналдарына жөндеу жүргізіле ме деп сұрады.

- Су проблемасы облыс бойынша өзекті. Қазір облыстағы 22 каналдың 4-еуі жөнделуде, екеуі бұрын жөнделген. Жалпы, жұмыс қаржыландыру мүмкіндігіне қарай жүзеге асырылады.

Қызылқоға ауданынан Тараз Қазиев:

- Соңғы жылдары ауданда жазда ауыз су сағат бойынша беріледі. Бұл мәселені шешуге болмай ма?

- Мен бұл мәселемен таныспын. Сіздер қазір Қарасу кен орнының суын пайдаланасыздар - тәулігіне 400 текше метр беріледі. Жаз шыққанша қуатын тәулігіне 800 текше метрге дейін көтеруге тырысамыз. Бұдан басқа, Тайсойғанның жерасты суларын пайдалану жоспарланып, жобасы әзірленуде.

Бір әйел қоңырау шалып, өткен есепте Досмұхамбетовтен ұлын емдеуге көмек сұрағанын айтты. Балада омыртқа гемангиомасы бар екен:

- Сіз мұны сол кездегі денсаулық сақтау басқармасының бастығы Байтолла Ғазизовқа тапсырдыңыз. Бірақ мен жауапсыз қалдым. Сіздің жеке қабылдауыңызға жазылғым келеді.

- Иә, сіз есімдесіз, тапсырма бердім. Бірақ мен оның орындалмағанын білмедім. Иә, сізді қабылдаймын.

Махамбет ауданы Бейбарыс ауылының тұрғыны Михаил Вяселов неліктен қаладағы балалардың ойын алаңдары, жаттығу құрылғылары бар, ал ауыл балаларында жоқ деп сұрады. Әкім бұл тақырыпты аудан әкімімен талқылауға уәде берді.

Құрманғазы ауданынан келген әйел Азғыр өңіріндегі мәселелердің бірін көтерді:

- Аудан орталығының шалғайлығына және жолдардың нашарлығына байланысты біздің әйелдер Ресей Федерациясының көршілес Астрахань облысына барып босануға мәжбүр. Бұл жағдайда жаңа туған нәрестелерге Ресейдің туу туралы куәлігі беріледі. Бұл мәселе қалай шешіледі?

- Иә, мен бұл мәселемен таныспын. Жолдардың жағдайы нашар, жүкті әйел ғана емес, дені сау адам да шыдай алмайды. Қазір сіздің аудандағы медициналық қызмет көрсетуді жақсарту үшін жұмыстанып жатырмыз.

Қаңтардағы электр желілеріндегі циклдық апаттар туралы «АЖ» сұрағына М.Досмұхамбетов әзірге себептер анықталып жатыр, арнайы құрылған комиссия өз қорытындысын әлі берген жоқ деп жауап берді:

- Нәтижесін жариялаймыз. Бұдан басқа, қазір өңіріміздегі энергетикалық жүйе қауіпсіздігін арттыру жобасы әзірленуде, ол тиісті министрліктің бақылауына алынған.

Интернетпен қамту туралы сұраққа бүгін облыстың 153 елді мекенінің 120-сында оны пайдалану мүмкіндігі бар деген жауап алынды.

- Қалған ауылдарды интернетпен 2025 жылға дейін қамтуды жоспарлап отырмыз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

18 ақпан 2021, 10:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.