Атырау, 25 қараша 07:04
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тізімге тіркелмеген

4 247 просмотра

Саша Денисовтың коллажы. Саша Денисовтың коллажы. "Ақ Жайық" газеті2013 жылы Солтүстік Каспий жобасынан жұмысшылардың үлкен көлемде қысқарылуы күтілуде. Алайда, жоба операторлары мен жергілікті биліктің болашақ жұмыссыздар туралы деректері әр түрлі.

ЖАҢА ОРЫНДАР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Естеріңізге салсақ,вице-премьер Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫҢ қатысуымен болған активтеАтырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ «Аджип ҚКО» деректері бойынша, 2013 жылы қаңтарда «Болашақ» зауытынан 1,7 мың адам және 2013 жылдың І тоқсанында Қашаған жобасынан 5,5 мың адам жұмыстан қысқарады деп хабарлаған еді. Олардың 52%-ы - жергілікті жұмысшылар.

Алайда, сол активте «Аджип ҚКО» басқарушы директоры Балтабай ҚУАНЫШЕВ басқа сандар келтірді: жерүсті кешенінен 3 мың, теңіз кешенінен 9 мың адам жұмыстан босайды.

- «Сіздерге жобадан 12 мыңға жуық адам кетеді деп айту оңай. Ал олар қайда барады, не істейді, сіздерді алаңдатпай ма?!», - деп кейістігін білдірген вице-премьер бұл мәселе бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды, ал компанияға  болашақ жұмыссыздар жөнінде нақтыланған ақпаратты ұсынуды талап етті. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Аджипке жаңа болжам беруге сұраныс берді, өйткені Б. Қуанышев айтқан жаңа сандардың бұрын компания жіберген деректерден көп айырмашылығы бар.

Әзірге Аджип жобада жұмыс жасап келе жатқандар саны туралы жаңа деректер қайдан пайда болғанын түсіндіре алмауда. Бұл, расында да, таңғаларлық жайт. Сонымен қатар, бүгінгі күні рекрутингтік компаниялар пайда болған уақытша бос тұрған жұмыс орындарына жобада бұрын жұмыс жасаған адамдарды ысырып тастап, тек жаңа кадрларды ғана жинап жатыр. Бұл қазақстандық үлестің жоғары пайызын көрсету үшін статистиканы қолдан көбейту деген пікірлер де айтылуда. Немесе рекрутингтік компаниялармен ықпалдасқан мердігерлер жұмысшылардың шынайы санын асырып көрсетіп жүр  («АЖ», №52, 27.12.12ж. «Үлкен вахта аяқталды» мақаласын қараңыз).

- Мүмкін, бірінші қысқарту тізімдеріне қосалқы мердігер компаниялар қызметкерлері қосылмаған шығар, олар жобада көп қой, - деп жорамалдайды жұмыспен қамту басқармасы.

 

ҮМІТ ЭСТАКАДА МЕН АМӨЗ-ДЕ

Алайда, қысқарған адамдар қайда барады деген мәселе маңызды болып қалып тұр. Сол активте Б. Қуанышев 2013 жылы Аджип ҚКО тек бір ғана жоба – Қарабатанда4 мыңдай жұмысшы қабылдай алатын темір жол эстакадасын салу құрылысын ашатынын хабарлады. Бірақ құрылыс тендерін, белгілі болғандай, Isker компаниясы ұтыпты, ал ол нысанға өз жұмысшыларымен келеді және бұл мұнда 4 мың адам емес, әлдеқайда аз адам жұмысқа орналасады деген сөз.

- Қазіргі уақытта біз Аджип ҚКО-ның бастапқы тізімдері деректерін қала және аудандармен салыстырып жатырмыз, кадрларымызды тегі бойынша, кім жұмыстан шықты, кімге әлеуметтік көмек керек екендігін анықтаудамыз,- дейдіжұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира ШАКИРОВА.

Алға қарай қытайлық «Синопек» компаниясымен АМӨЗ нысандары құрылысына қосымша 1 мың адамды тарту үшін тағы бір меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Алайда, жергілікті билік үшін АМӨЗ-де вахталық әдісті кеңейту пайдалы – бұл жағдайда адамдар жұмысқа екі есе көп тартылар еді. Әзірге бұл мәселе де шешімін таба алмай отыр. 

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

17 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.