Атырау, 25 қараша 06:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Теңізде жоғалғандар табылды

2 487 просмотра

Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, 15 қаңтарда 0 сағат 10 минутта «112» пультіне 14 қаңтарда түстен кейін Исатай ауданының Забурын селосынан «Інжу-Маржан» кооперативінің 4 жұмысшысының теңізге шығып, жоғалып кеткендігі туралы хабарлама келіп түсті.

Сол күні кооператив қызметкерлерінің, аудандық ТЖ бөлімінің, әкімдік пен судан құтқару қызметінің күшімен іздеу жұмыстары ұйымдастырылды. Күн тұман болғандықтан іздеу еш нәтиже бермеген еді. 15 қаңтарда іздеу қайта жалғастырылды.

Алайда, басқа мәліметтер бойынша, жоғалғандар балық аулау кооперативінің қызметкерлері болмаған, ал екеуі құтқарылыпты.

«Інжу-Маржан» кооперативінің атыраулық кеңсесіндегілер жұмысшыларының теңізге шығып жоғалып кеткендігі туралы ақпаратты теріске шығарып, «Жамбыл» кооперативіне хабарласуға кеңес берді.

«Жамбыл» кооперативінің төрағасы Руслан ИСМАҒҰЛОВ өз кезегінде, жұмысшыларының 1 қыркүйек - 3 желтоқсан аралығында Забурын селосының маңында Каспий теңізінен балық аулағандығын хабарлады. Заң бойынша, мұз қатқаннан кейін кәсіпшілікпен балық аулауға тыйым салынады. Оның мәліметтері бойынша, екі мотоциклге мінген төрт жергілікті тұрғын Середка деп аталатын жерге қамыс дайындауға барыпты. Кенеттен мұз жарылып, жағалаудан бөлініп кетіп, теңізге бағыт алған. Жоғалғандарды түні бойы іздеген. Оның екеуі құтқарылып, тағы екеуін әуе жастығы бар қайықпен және тікұшақтың көмегімен іздестіруде.

Бізге Исатай ауданы Забурын селолық округінің әкімі Болат ҚҰСАЙЫНОВ хабарлағандай, Каспий теңізінде түнде жоғалғандардың барлығы аман-сау табылған. Олардың бас-аяғы алтау болған.

Кеше, 14 қаңтарда олар теңіздің жағалау бөлігіндегі мұздың беті арқылы мотоциклдерімен шығып, Середка аралын бетке алыпты. Ер адамдардың ең үлкені 45 жаста, ең жасы 17-де.

Кеше кешкісін жергілікті тұрғындар жылжымалы мұз үстінен екі адамды құтқарып қалған. Қараңғы түсіп кеткендіктен қалғандарын іздеу тоқтатылыпты. Бүгін, 15 қаңтарда тал түсте қалған төртеуі табылып, жағаға жеткізілді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

15 қаңтар 2013, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.