14 қаңтарда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің сайтында 2013 жылдың 3 қаңтарында «ТШО» ЖШС-нің үш нысанындағы электр қуатының ажырау себептерін тергеуге байланысты жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы ақпарат пайда болды.
Тексеруді Атырау облыстық Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің департаменті жүргізді: «Технологиялық бұзылудың 57 МВт қуат шығаратын ТГ-9.1 тургенераторының басқару жүйесіндегі ақау салдарынан орын алғаны анықталды. Ол «ТШО» ЖШС-нің электр тораптары бойынша ортақ энергия жүйесінен беріле бастаған. Л-154 байланыс желілерінің бірінде шлейф тұтанған. «ТШО» ЖШС диспетчері қалған ЛЭП-110 кВ бойынша көрсетілген қуаттылықты өткізу мүмкін болмағандықтан, осы желіні ажырату туралы шешім қабылдаған. Қорғаныс әрекетінің нәтижесінде екінші желі де ажыратылып қалған» , - деп хабарлайды Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мекемесі.
Сондай-ақ, ТШО техникалық қызметкері ВЛ-110кВ, Л-154 және Л-155 желілерінің, шлейфтер мен қысқыштардың жалғанған жерлеріне тексеру жүргізбеген деп хабарланады. Ал тексеру кезінде компанияның электр жүйесінің диспетчерінде энергия жүйесіндегі апатты жағдайларды жою нұсқаунамасы болмаған. Бұдан басқа, қолданыстағы дистанциялық қорғаныс қондырғылары апаттық және жөндеу режимдері жағдайындағы ТШО мен «KEGOC» АҚ арасындағы келісім-шарт міндеттемелеріне сай келмейді. Байланыс желілерінде апатқа қарсы автоматика қарастырылмаған. «ТШО» ЖШС энергия жүйесін бір тұлға басқарады.
Тексеру нәтижелері бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 223-бабы («Электр стансалары мен тораптарының бекітілген техникалық пайдалану ережелерiн бұзу») және 356-бабы («Мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының ұйғарымдарын және өзге де талаптарын орындамау») бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Бұл баптар лауазымды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды қарастырады.
«Қазіргі уақытта “Теңізшевройл” аталмыш кемшіліктерді жою шараларын алуда», - деп түйіндейді Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің департаменті.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА