Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медициналық университеті (ҚХР ШҰАӨ) алғаш рет «Қазақ халықтық медицинасының негіздері» мамандығы бойынша студенттер даярлай бастады, деп хабарлады «Синьцзян» сайты.
2011 жылы университет жаңа мамандыққа 30 студент қабылдады, олар қытай тілін үйренудің бір жылдық курсынан өткен соң осы семестрде қазақ медицинасының негіздерін оқып-үйренуге кірісті. Жаңа мамандықты енгізу бұрын ауыздан ауызға тарап келе жатқан қазақ медицинасы жөніндегі білімдерді ғылыми негізге айналдыруды көздейді.
Шыңжаң медицина университетінің медицина факультетінің деканы Ань Дунцин қазақ медицинасының екі мың жылдық тарихы бар екенін айтты. Осы университеттің оқытушысы Чжан Синпин қазақтар сүйек жарақатын, тері ауруларын емдеуде негізінен дәрілік шөптерді, мал майынан және минералдардан жасалған препараттарды пайдаланғанын мысалға келтірді. Қазақ медицинасы теориясының негізгі дереккөздері «Қазақ медицинасы туралы трактатта» баяндалған.
Дереккөз: inform.kz