Атырау, 25 ақпан 07:09
 ашықВ Атырау -23
$ 420.71
€ 516.13
₽ 5.65

Қазақстанда Қаржылық мониторинг агенттігі құрылды

1 424 просмотра

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығы шықты, деп хабарлайды Ақорда.

"Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына сәйкес көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:    

1. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) құрылсын, оған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялары мен өкілеттіктері берілсін.

2. Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктер шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құқықтары мен өкілеттіктерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.

3. «Қазақстан  Республикасы  Президентінің  Әкімшілігі  туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы  № 552 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 12-13, 116-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесі мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі».

4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына:

Агенттік төрағасымен бірлесіп, Агенттік және оның құрылымы туралы ереже жобаларын;

Қазақстан  Республикасының  Үкіметімен  бірлесіп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және тиісті ведомстволық бағыныстағы ұйымның штат санын Агенттікке қайта бөлу жөнінде ұсыныстар енгізсін;

2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдасын.

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және тиісті ведомстволық бағыныстағы ұйымның штат санын қайта бөлуді;

2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев                    

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 28 қаңтар № 501

28 қаңтар, 12:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.