Абзал - Азия чемпионы
АМУ-дің физика-математика факультетінің студенті Абзал ДҮЙСЕПОВ өзіне және өз жанкүйерлері үшін Жаңа жылға жақсы сыйлық жасады. Үндістанның Пуна қаласында өткен кикбокстан Азия чемпионатында ол алтын медальға ие болды.
Өзінің 22 жасында Абзал Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Әлем кубогінің екі дүркін иегері атанып үлгерді. Пунада біздің файтер Үндістан, Ирак, Бангладеш және Қырғызстан өкілдерімен 4 жекпе-жек өткізіп, бәрін де мезгілінен бұрын ұтты. Абзалды Сүндеткерей Қасанғалиев жаттықтырады. Спортшы мен бапкер Азия чемпионатына бару сапарын қаржыландырғаны үшін облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Қазбек Иманғалиға алғыс айтады.
Кикбоксингтен облыстың аға бапкері Рүстем Қисметовтің айтуынша, Атырау қаласы мен Ганюшкино селосында бүгінгі күні бес жүзге тарта адам кикбоксингпен айналысады. Міне, осының арқасында жақсы нәтижелер жасалуда. Өткен жылы Аллаберген Қайса әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болса, Ерболат Оңаев пен Мейірлан Әсет Қазақстан чемпиондары атанды.
***
Фестивальге қатысты
Астанада ҚР Парламенті сыйлығына жекпе-жек өнерінің 12 спорт түрінен фестиваль өтті. Үш атыраулық кикбоксшы жүлдегер атанды.
57 келіге дейінгі салмақта Данияр Искалиев пен 71 келіге дейінгі салмақта Мейірлан Әсет күміс алқаларды иеленді. Аса ауыр салмақта (91 келіден жоғары) Жаңалық Сағидоллаұлы қола жүлдені ұтып алды.
***
Интернационал жеңіске жетті
«Балықшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде екінші лига командалары арасында футзалдан IV қалалық ашық чемпионаттың І туры болып өтті.
Ойын нәтижелері: «Дельта» - «Достық Юнайтед» 6:4, «Университет» - «Импульс» 5:3, «Жұмыскер» - «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» 9:2, «Арлан» - «Уорли Парсонс» 6:2, «Өмірзақ» (Кұлсары қ.) - «Старый базар» - 6:4, «Виттевен Бос Қазақстан» - «Талғайран» 6:5, «Рубин» - «Қайрат» 8:5, «Интернационал» - «Кейкі Жұмыскер» 4:3, «Энергетик» (Доссор) - «DOS Support» 4:9.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ