Қазіргі уақытта өткір респираторлық вирус инфекциясы (ӨРВИ) өршіп тұр.
Санэпидқадағалау департаментінің мәліметтері бойынша, Атырау облысында эпидемиологиялық маусым басталғанда (2012 жылдың 1 қазанынан бастап) 1889 ӨРВИ аурулары тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, ӨРВИ сырқаты 1,3 есеге азайған. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр (1526).
- Осыған байланысты бізге білім беру органдарымен бірігіп, балабақшалар мен мектептерде алдын алу шараларын күшейту жүктелді, - дейді департаменттің эпидемиологиялық бөлімінің бастығы Гүлнәз ЕРБАТЫРОВА. – Науқас балалар мен қызметкерлерге сабаққа, жұмысқа келуге рұқсат етпеу жұмыстары күшейтілді, жаппай шаралар өткізуге шектеу қойылды.
- Ербатырованың айтуынша, 2013 жылдың сәуіріне дейін созылатын эпидемиологиялық маусымда А (H1N1, H3N2) және В вирусты тұмау таралады деп болжанып отыр:
Тұмаудың және тұмау тәрізді сырқаттардың клиникалық белгілері жалпыға мәлім: жөтел, температураның көтерілуі, тамақтың ауруы, мұрынның бітелуі, бұлшық еттердің ауыруы, бас ауруы. ӨРВИ және тұмаумен ауыру, әдетте, жеңіл өтеді, алайда олар асқыну қаупін тудыруы мүмкін.
Ауру өршіген уақытта медици-налық мекемелер жұмысының күшейтілген режимін қарастыратын шаралар жоспары жасақталды. Учаскелік жүйе мен жедел жәрдем дәрігерлеріне үйге 5 күн мерзімге дейін еңбекке жарамсыздық қағазын беруге рұқсат етілді.
Облыстық бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алуға және иммундау жүргізуге 14 млн теңге бөлінді, оған 20 340 доза сатып алынды.
- 60 жастан жоғары, созылмалы науқастары бар ересектер мен балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер, сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің өздері тегін екпе алды, - дейді Г.Ербатырова.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА