Атырау, 23 қараша 18:34
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қайран, жеңгем

4 849 просмотра

Амангүл РАХМЕТОВАНЫҢ (суретте) өмірінде әртүрлі жағдай кездесті. Ауыр кезеңдерді де бастан өткерді. Жолдасы ащы суға салынып, отбасының ошағы ойран болса да, ертеңіне деген сенімін жоғалтқан жоқ.

Махамбет ауданында газы мен суы, клубы мен кітапханасы, тіпті мектебі жоқ, өркениеттен ада Бала Ораз деген ауыл бар. Амангүл Рахметова мұнда өзінің балаларымен бірге тұрады. Ол өзі жас болса да, ауылдастары оның ерік-жігері мен өмірге деген талпынысына бас иеді. Амангүл ауылдың қарабайыр тірлігін қиынсыну дегенді ұмытқан. Себебі, бала күннен еңбекке араласып, өмір ауыртпалығын ерте сезіне білді.

Ол осыдан 15 жыл бұрын Исатай ауданындағы Жасқайрат елді мекенінен келін болып түскен Бала Ораз ауылын еш нәрсеге айырбастамақ емес. Мұнда балалары дүниеге келді.

...Таң қаракөбелектене бірден қора жақтың шаруасын реттейді. Азын-аулақ малды ауладағы шөпке қояды. Үйге кірісімен түннің бір уағында өшіп қалған пештің күлін алып, жыңғылды тамыздық ретінде пайдаланады.

- Бізге осы жылы ауылға газ келеді деп уәде еткен. Біз, әрине, оған қуандық. Бірақ, әрбір уәдеге сенімсіздікпен қараймыз, - дейді Амангүл. – Себебі, бізге бұрын да біршама уәде еткен, бірақ орындалып жатқаны аз.

Оның үлкен ұлы Төребек 8-сыныпта, кенже ұлы Бейбіт 7-сыныпты Бала Ораздан 4 шақырым жердегі Сарытоғай ауылындағы мектепке жаяу қатынап оқиды. Олар малдың ауласын тазарту, суару, шөп жұлып салу, қиды үйге кіргізу, құдықтан су тасу сияқты жұмыстарды үшеуі бірлесіп атқарады. Каникул кезінде тоғайдан екеуі жыңғыл шабады.

Амангүл екі баласы үшін жәрдемақы да, алимент те алмайды. Ол қолындағы малының өнімін сатып, табыс табады. Қысы-жазы сауын сиыры болады, қаймақ, сүзбе дайындап сатады. Тұрақты сатып алушылар да бар. Оған қоса, Амангүл көрпе тігіп, түйе жүнінен жылы жамылғы жасайды. Бағалары базардағыдан төмен, ал сапасы жүз есе жоғары.

- Ісмерлікті анам Нәбиядан үйрендім. Қазір Аққыстауда тұратын енем тігін машинасын сыйлаған еді,- дейді ол.

Амангүлдің басты арманы – балаларына жақсы білім беру. Оның арманы да орындалады әлі, себебі, тынбай еңбек етіп, алға ұмтылуда.       

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

9 қаңтар 2013, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.