Атырау, 23 қараша 18:09
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Баршаның бақыты

2 154 просмотра

Барша ЖҰМАНАЗАРОВА Қазақстан азаматшасы атанғалы Құлсары қаласында сегізінші Жаңа жылын  қарсылап отыр.

74 жастағы Барша Жұманазарованың бүкіл саналы ғұмыры  Түркіменстан елінің Ташауыз облысы Кунеургенч ауданында өтті. Сол жақта тұрмыс құрып, сегіз баланы өмірге әкелді. 

- Шалым 25 жыл бұрын қайтыс болған. Содан бірнеше  жыл өткен соң,  балаларым тарихи отанымыз – Қазақстанға көшейік деп болмады. Несіне жасырайын, біздің ол жақта да тұрмысымыз жаман емес еді. Мен де балалық шағым, жастық шағым өткен жерді қанша қимасам да, балаларымнан жалғыз қала алмадым. Сол кезде біз өзімізге ыстық боп кеткен Құлсарыға келдік, - дейді Б. Жұманазарова.

АЙТПАҚШЫ:
Біз мақаланы дайындау кезінде Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Серік ҚАМИДОЛЛАҒА хабарласқанбыз. Ол Баршаның ұлдары Амантұрлы мен Амантайды жұмыссыздар есебіне тіркеуге алып, немерелерін әкімдікте өтетін шыршаға шақырды.

Бүгінде оның балалары Батыс Қазақстан қалаларында - Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Құлсарыда тұрады. Барша болса, Құлсарыда балалары Амантұрлы және Амантайымен бірге қалды.  Үлкені Амантұрлының өзінің де отбасы үлкен – оның бес баласы бар. Ал кіші ұлы әлі үйленбеген.

Баршаның ұлдары жұмыстан қысқарып қалса да, қарап жатқан жоқ. Әртүрлі жалдамалы құрылыс жұмысының тапсырыстарын орындап жүр. Бірақ, тапсырыстар саны жыл мезгіліне қарай бірде болып, бірде болмай жатады. Ондайда аналары Баршаның алатын 37 мың теңгесі мен балалардың азғантай жәрдемақысына үміт артады.

- Қазақ халқының сүйікті асы ет болса,  Түркіменнің қонақасы - палау. Мен Жаңа жылды қарсылар кезде екеуін де дайындадым. Ұннан жасалған тағамдар мен тәтті торттарды  балаларым үшін арнайы әзірледім, - дейді келіні Анар ТУЛУМҰРАТОВА.

- Қай мереке сіздің жаныңызға жақын? – деп сұраймын Барша әжейден. 

- Маған осы жылдың жылға ауысар кезі ерекше ұнайды. Келер жылым балаларыма, еліме тыныштық әкелсін деймін. Көршілерім де жақсы, жаңа жыл түні немерелерім отшашу жағып, мәз болды. Олардың қуанышты жүздерін көріп, менің де жаным жай табады, риза боламын. Біз бай тұрмасақ та, барымызға  шүкіршілік етеміз, - дейді ол.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

9 қаңтар 2013, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.