«Болашақ» бағдарламасы аясында АМУ-дың 6 қызметкері Швейцарияда 3 айлық ғылыми іс-тәжірибеден өткен болатын. Таяуда олар үйлеріне оралды.
Монтре қаласындағы Бизнес-мектепке қашықтықтан оқыту факультетінің деканы Саламат Идрисов, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің бастығы Ақмарал Мұханбетжанова, жастар саясаты орталығының директоры Нұрсәуле Сайлауова, экономика және құқық факультетінің деканы Қансұлу Өтепқалиева, экономика және құқық факультеті деканының орынбасары Эльмира Адиетова және биология магистрі Айнагүл Дүйсекенова барған болатын.
Іс-тәжірибе он бағдарламадан құралды: ұлттық экономиканы стратегиялық басқару, адам ресурстарын басқару, инновациялық басқару, банк ісі. Сабақтарда Еуропа университеттерінің озық профессорлары дәріс оқыды.
- Әр курс тақырыптарын олар тереңірек ашуға тырысты, жаңа сабақтар тест сұрақтары мен жағдаяттық тапсырмалармен бекітіліп отырды, - дейді Саламат ИДРИСОВ.
Бизнес-мектеп, сондай-ақ, іс-тәжірибеден өтушілерге Лозанна федералды технологиялық институтының профессорларымен конференция ұйымдастырды. Отырыста жоғары оқу орнындағы ғылыми әзірлеме сапаларын арттыру және оларды өндіріске енгізу туралы әңгіме болды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА