Атырау, 5 қазан 10:46
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Зейнетақы мен жәрдемақы өсті

6 375 просмотра

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс минимумының мөлшері 18 660 теңгеге дейін өсіп, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 1 731 теңгеге тең болды. Тиісінше, зейнетақы мен жәрдемақыға қайта есептеу жүргізілді.

– Салыстыру үшін – өткен жылы күнкөріс минимумы 17 439 теңге, ал АЕК – 1 618 теңге болды. 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемі  9 330 теңгені құрады (күнкөріс минимумының 50%-ы). Нәтижесінде зейнетақы 9 пайызға өсті, - дейді Атырау облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Мәншүк ЛЕПЕСОВА.

Зейнетақыны қайта есептегенде табыстың жоғарғы мөлшері 67 509 теңгеге – 39 АЕК-ке тең болады. Жоғарғы зейнетақы мөлшері 50 632 теңге немесе 39 АЕК-тің 75%-ын құрайды.  Осылайша жоғарғы зейнетақы базалық зейнетақы төлемімен бірге – 59 962 теңге болады. Төменгі мөлшері – 19 066 теңге, ал базалық зейнетақы төлемімен бірге ол 28 396 теңгені құрайды. Өткен жылы төменгі зейнетақы мөлшері аздау болды – 26 211 теңге  (17 491 + 8 720 базалық төлем). Облыс бойынша зейнетақыны барлығы  45 мыңнан астам адам алады.

Күнкөріс минимумының өзгеруі әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне де (21 мыңнан астам алушы бар) әсер етті. Бұрын 23 718 теңге алған І топ мүгедектері 1 қаңтардан бастап 25 378 теңге алулары тиіс. ІІ топ мүгедектерінің жәрдемақысы 18 486-дан 19 780 теңгеге дейін, ІІІ топ мүгедектерінің жәрдемақысы - 12 905-тен 13 809 теңгеге дейін өсті.

16жасқа дейінгі мүгедек балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы 17 439-дан 18 660 теңгеге дейін көбейді.

Бала жастан мүгедектер мен 16-дан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар: І топ үшін жәрдемақы 23 718-ден 25 378 теңгеге дейін, ІІ топ үшін 19 358-ден 20 713 теңгеге дейін, III топ үшін – 15 172-ден 16 235 теңгеге дейін көбейеді.

Асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін жәрдемақы мөлшері де өзгерді. Отбасының еңбекке жарамсыз бір мүшесіне 12 316 теңге, екі мүшесіне – 21 273, үшеуіне – 26 311, төртеуіне – 27 990, бесеуіне – 28 923, алтауына және одан көп мүшесіне – 30 043 теңге тиесілі. Тұл жетім балалар үшін жәрдемақы мөлшері 16 794 теңгені құрайды.

Жас ерекшелігі бойынша берілетін жәрдемақы (олар зейнетақы төлемдерін алуға құқығы жоқ болғанда тағайындалады) 8 720 теңгеден 9 330 теңгеге дейін өсті.

АЕК-тің өсуі арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшеріне де әсерін тигізді (облыс бойынша олар 40 мыңнан астам). Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер - 26 445 теңге; соғыс қатысушыларына теңестірілген тұлғалар - 10 226; соғыс мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар – 12 518 теңге алатын болады. Тылда еңбек еткендер үшін жәрдемақы – 3 526 теңге, І және ІІ топ мүгедектері үшін – 2 469, ІІІ топ мүгедектері үшін – 1 058, көп балалы аналар үшін – 6 876, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері үшін - 10 578 теңге. Бір жасқа дейінгі сәби күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы: енді бірінші сәбиге 9 521 теңге, екіншісіне – 11 252, үшіншісіне – 12 983, төртіншісіне және одан жоғары – 14 714 теңгені құрайды. Бірінші, екінші және үшінші сәбидің дүниеге келуіне байланысты бір мәрте берілетін жәрдемақы 51 930 теңгеге дейін, төртіншісіне – 86 550 теңгеге дейін көбейді. Мүгедек балалар тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға төменгі еңбекақы – 18 660 теңге мөлшерінде жәрдемақы тиесілі.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

9 қаңтар 2013, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.