Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду соққан гол саны жөнінен Пелені басып озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Италия чемпионатында «Ювентус» клубының намысын қорғап жүрген Роналду «Удинеземен» өткен матчта ресми ойындардағы 757-інші және 758-інші голдарын соқты.
Криштиану лиссабондық «Спортинг», ағылшындық «Манчестер Юнайтед», мадридтік «Реал», туриндік «Ювентус» және Португалия құрамасы сапында барлығы 1032 матч өткізді. Пеле 812 ресми ойында 757 гол соққан болатын. Голдар саны жөнінен абсолюттік рекорд чехиялық шабуылшы Йозеф Бицанның еншісінде.
Ол 1931-1955 жылдар аралығында 759 гол соққан екен. Роналдудың бұл рекордты да жаңартатыны анық. «Удинезені» 4:1 есебімен ұтқаннан кейін өткен жылғы чемпион «Ювентус» 27 ұпаймен Италия біріншілігінде әзірге бесінші орында келеді. Жеңілістің ащы дәмін татпаған «Милан» клубы 37 ұпаймен жекедара көш бастап келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мессидің Пеленің рекордын жаңартқанын жазған болатынбыз. Ол бір клуб үшін соққан гол саны жөнінен Пеленің көрсеткішінен асып түскен болатын.