Атырау, 13 қазан 23:24
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Сынақтан сүрінбей өткендер

3 846 просмотра

«Ауру кірсе, әлек кіреді» демекші, күллі әлемді әлекке салған мынау індет кезінде бүкіл Қазақстандағыдай, Атырауда да тіршілік тоқтап қалғандай болды. Пандемия кезінде көпшілік жұмыссыз қалып, кейбіреулер шарасыз күйге түссе, ал біреулер қолдан келгенше тырысып бақты. Міне, бүгін сол білекті сыбанып іске кірісіп кеткендер жайлы әңгіме қозғамақпыз.

Солардың бірі – Ақмарал, көпбалалы ана, карантин кезінде жолдасы да, өзі де жұмыстан қысқартылып қалған. Ақмаралдың айтуынша, ол енесінің ескі тігін машинасын шығарып, бетперде тіге бастаған. Күніне 30 шақтысын тікті. Барлығы бірден өтіп кетпегенмен, күнделікті нандығымызды айыруға жететін, несиені де осы тапқан табысынан төлеп отырдық дейді.

Ал Жанар есімді келіншек, жолдасы екеуі жұмыссыз қалғандықтан, көп ойланбастан шарбағынан жылыжай салуды қолға алды. Сөйтіп олар өз қолымен 20х6м көлемде ауладан жылыжай салып, сәуір айында қияр еккен. Өсімдікті баптап, тамшылатып суару нәтижесінде екі айда жемісін бере бастады. Қиярды базарға көтерме бағамен өткізіп, арасында тапсырыс бойынша үйге жеткізіп отырған. Бұл отбасы да осы кәсіптің арқасында балаларын асырап, несиесін де төледі.

Бала күтімімен үйде отырған көпбалалы ана Кәмшаттың да жолдасы жұмыстан қысқартылды. Олар да не кәсіппен айналыссақ екен деп ойлана келе, ешкі  бағуды ұйғарады. Мамыр айында асыл тұқымды бір ешкіні күйеуінің жолдас жігіті алып беріп, екіншісін ағайындары сыйға тартып, шаруаға кірісіп кетеді. Сөйтіп ешкі сауып, сүтінің литрін 1000 теңгеден сата бастайды. Сұраныс көбейіп, адамдар тіпті үйден алып кететін. Күніне 6-7 литр құнарлы сүт сатып, біртіндеп ақша жинай бастады. Кейін Оралдан, Ақтөбеден бірнеше сүтті ешкі әкеліп қосты. 

- Бұрын мал ұстап көрмеген біздерге басында қиын болды, бірақ балаларың үшін, күнкөріс үшін бәріне де үйренеді екенсің. Жолдасым 11 жасар баламызбен екеуі жаз бойы шөп шапты, кешке базардан арзан көкөніс әкеледі. Ешкілерді жақсы тамақтандырғасын олар да сүтті мол берді, - дейді Камшат. Олардың да несиесі болды, оны төлеуге апасы мен қайынапасы көмектескенін айтып, ризашылығын білдірді.

Ал Әлия есімді келіншек, жолдасы екеуі де үйде отырып қалғандықтан, түрлі кондитерлік өнім пісіруді қолға алған. Торт, бәліш, әртүрлі тәттілер пісіріп, үйден тартылған еттен манты, тұшпара сияқты жартылай дайын өнім жасап, сатуға шығарды.  

- Бастапқыда қиын болды. Жаңадан бастағасын тұтынушы табу, өткізу оңай болмады. Кейін бірінен бірі естіп, тұрақты тұтынушылар пайда болды. Себебі мен жақсы қымбат ингредиенттерден әрі бар жанымды салып пісіремін, бағасы да қолжетімді. Тапсырыс көп болған кезде түнімен пісіріп, уақытында дайындауға тырысамын. Тапсырысты кешіктірген, болмаса үлгермей қалған кезім болған жоқ, - дейді ол.

Қазір кейіпкерлеріміздің бәрі қайта жұмысқа орналасқан. Бірақ бастаған отбасылық кәсіптерін қосымша табыс көзі ретінде әлі де жалғастыруда. Бұл әрине – қуантарлық жайт.

ШЕБЕРЛЕРДІҢ КӨМЕГІ

Пандемияға байланысты карантин кезінде тек қана күнкөріс қамы емес, кейбіреулер өздерін дамытуға көңіл бөлетін уақыт тапты. Үйде отырған халықтың рухани баюына Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған «Алтын оймақ» қолөнер үйірмесі де өз үлесін қосты. Музей қызметкері Светлана НҰРПЕЙІСОВАНЫҢ ұйымдастыруымен өлкеміздің танымал шеберлері  онлайн сабақ өткізді.

Алғашқы шеберлік сабақта құрақ көрпе тігуден қолөнер шебері Рая СҮЙЕСІНОВА өз өнерімен бөлісті. Тағы бір қолөнер шебері Ақкүміс ТЕЛЕУОВА ұлттық киім – камзол тігу бойынша қажетті ақпарат берді. Әсіресе танымал домбыра жасау шебері Нұрлыбек БИСЕНБАЕВ өткізген шеберлік сабағы көпшіліктің көңілінен шықты. Ал тоқу ісінің шебері Жәния ДОЩАНОВА тікелей эфир барысында желі қолданушыларына өз қолынан шыққан 50-ге тарта туындыларымен таныстырып, ойыншықтардың жасалу жолы, қолданылатын қажетті құралдар туралы түсініктеме берді. Жәнияның тоқыма ойыншық тоқуға деген қызығушылығын анасы оятқан екен, кейін ол өзінің сүйікті хоббиіне айналды. Бұл ойыншықтар негізінен экологиялық таза өнім болғандықтан, оларға сұраныс көп.

...Төтеннен келген індет барша адамзатқа күрделі сынақ болды. Қос бүйірден қысқан қысылтаяң кезеңде сол сынақтан сүрінбей өткен жандардың іс-әрекеті бағалауға тұрарлық. Дегенмен, мұндай жағдай енді басымызға түспесін деп тілейік.

Гүлсім СҮЙІНҒАРИЕВА

5 қаңтар 2021, 12:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.