Қалалық билік қар тазалауға кәсіпкерлерді де жұмылдыруда. Бірақ ерікті негізде емес: бағынбаса әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Тиісті шешім өткен жылдың 12 желтоқсанында қалалық мәслихаттың сессиясында бекітілген еді.
Осы орайда бірнеше бизнесмен «АЖ»-ға хабарласты:
- Шешімге сәйкес, біз нысанның 10 метр радиусын таза ұстауға тиіспіз. Бірақ біз бұрын да өз жолымызды тазартып, қарды бөлек үйетін едік. Енді бұл үйіндіні шығару үшін Арнаулы автобазаны емес, өзімізді міндеттеп қойды. Ол үшін жүк көлігін жалдау керек қой, ал біздің коммуналдық қызметтер не істейді сонда?
Қалалық әкімдікте бұл ахуалға қатысты осы да жетер дегендей құрғақ қана түсінік берді.
- Аумақты қардан тазартқаннан кейін үйіндіні жолға немесе тіпті қосалқы өткелдерге де жақындатып жылжытуға тыйым салынады, - дейді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Серік ҚАБДОЛОВ. – Қарды газонға, ағаштардың маңына үюге болмайды. Қарды өздері шығарады, ал қар арнайы белгіленген жерлерге: Элеваторный немесе Арнаулы автобаза маңына үйілуі тиіс.
Анастасия ПАСТУХОВА