Атырау, 14 қазан 01:27
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Мақат ауданындағы жаңа газ өңдеу зауыты: Франкфурт-на-Майнның бұған не қатысы бар?

Сурет
5 156 просмотра

Атырау облысының тұрғындары газ өңдеу зауытының құрылысы туралы жаңалықты теріс қабылдады - бұл өңірдің онсыз да нашар экологиясына үлкен салмақ болады. Оның үстіне, жоба туралы ақпарат аз болды. Жақында Доссор кентінде инвестор өкілдері жергілікті тұрғындармен және қоғамдық экологтармен кездесті. Кездесуге Мақат ауданының әкімі Шәкір КЕЙКИН, жобаның техникалық жетекшісі Болат САҚТАҒАНОВ, экология департаментінің мамандары мен табиғи ресурстарды басқару және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары қатысты.

Естеріңізге салсақ, осы жоба бойынша ресми қоғамдық тыңдау бір жыл бұрын Мақат ауданы орталығында «тып-тыныш» қана өткен болатын. Оған қатысқысы келгендер бұл шара туралы білмеген еді. Енді адамдарда сұрақ қоюға мүмкіндік пайда болды. Тыңдау басталғанда жобаны Болат Сақтағанов таныстырды. Оның айтуынша, Қазақстанда 5,5 миллиард текше метр газ тапшылығы байқалады және бұл мәселені шешу үшін елімізде газ өңдеу зауыттарының санын көбейту жоспарланып отыр. Кешенді газ өңдеу қондырғысы (зауыт) Атырау қаласынан 60 км, Мақат кентінен 63 км және Қарабатаннан 25 км қашықтықта орналасады. Аумағы - 80 га. Зауытта тауарлық газ, сұйытылған газ (пропан және бутан), күкірт және газ конденсаты өндірілмек. Өндіріс көлемі - жылына 815 миллион текше метр тауарлық газ, 119 мың тонна сұйытылған газ, 212 мың тонна күкірт және 35 мың тонна газ конденсаты.

Шикізат (күкіртсутек газы) «Болашақ» зауытынан құбыр арқылы жеткізіледі, содан кейін шикізат күкіртсутек пен меркаптаннан тазартылады, әрі қарай одан пропан, бутан, күкірт және газ конденсаты алынады.

Атырау қаласының тұрғыны, экология мәселесін көтеріп жүрген белсенді Арман ХАЙРУЛЛИН бірден күкірттің қай жерде және қалай сақталатынын сұрады. Сақтағанов бұл қиындық тудырмайды, өйткені күкірт өтімділігі жоғары өнім деп жауап берді.

- Мысалы, Ақтөбе облысындағы Қожасай зауытынан (сол инвестор салған газ өңдеу зауыты - Н.Х.) оны дереу алып кетеді. Бұрын оның көп бөлігі Қытайға жеткізілсе, шекаралардың жабылуына байланысты қазір ресейліктер негізгі сатып алушы болып отыр. Бағасы тартымды - тоннасы 1000 теңгеден. Олар тіпті болашақта өндірілетін күкірт бойынша келісімшартқа отыруды ұсынды.

Таныстырылымнан: құрылыс кезінде ластаушы заттар шығарындыларының көлемі 186 тонна, пайдалану кезінде - жылына 194 тонна болады. Өнеркәсіптік қалдықтардың жылдық көлемі - 1286 тонна - оларды мамандандырылған кәсіпорын шығарады. Санитарлық қорғау аймағы 1000 метр радиуста орнатылған. Өндірістік су көзі - Астрахань-Маңғышлақ су құбыры. Желден, жылу радиациясынан, өрттен қорғалған, биіктігі - 40 метр жабық типтегі алау қондырғысы қолданылады.

ЕСКЕНЕ КӨШІРІЛЕ МЕ?

Содан кейін жиналғандарға сұрақ қою кезегі келді. Залда Доссор, Ескене, Мақат тұрғындары - негізінен егде жастағылар, сонымен қатар, атыраулық экология жанашырлары болды.

- Сіз Атырау, Мақат, Қарабатан туралы айттыңыз, неліктен болашақ зауытқа өте жақын, бар болғаны бес жарым шақырым жерде орналасқан Ескене станциясын айтпадыңыз? – деп сұрады Ескене қаласының тұрғыны Нұржамал ХАСАНОВА.

- Станция жобада көрсетілген, бірақ біз мұнда ірі елді мекендерге тоқталдық.

Хасанова тағы сұрақ қойды:

- Біз, тіпті, әлдеқайда алыста орналасқан «Болашақ» зауытының иісін сеземіз. Ал жаңа зауыт өте жақын болады. Ескене тұрғындарының жағдайы не болмақ? Бізді көшіре ме?

- Біздің технологиялардан сіздерге ешқандай зиян болмайды, - деп жауап берді Болат Сақтағанов. - Мен жақында Франкфурт-на-Майндағы мұнай-газ химия кешенінде болдым. Зауыт қала орталығында дерлік орналасқан, ешқандай проблема жоқ. Ал Жапонияда 40-қа жуық мұнай өңдейтін зауыт бар, қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Бәрі технологияға байланысты. Бізд заманауи технология қолданамыз. Есеп бойынша, біз 1 шақырымдық СҚА нормативтеріне сай келіп тұрмыз. Басқа кәсіпорындар сіздерге кері әсерін тигізе ме, айта алмаймын - мен өзім үшін жауаптымын.

Станцияны көшіруге қатысты - аудан әкімі Шәкір Кейкин Ескенедегі  50 үй тұрғындарының құжаты облыс басшылығына берілгенін айтты. Көшіруді қаржыландыру бойынша NCOC компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.

«ФРАНКФУРТ ҚАЙДА, БІЗ ҚАЙДА»  

Арман Хайруллин:

- СанЕмН нормаларына сәйкес, кәсіпорын аумағының 40%-ы көгалдандыруға жатады. Кезінде NCOC бұл жерге орман отырғызуға уәде берді, бірақ, өздеріңіз көріп отырғандай, бізде ештеңе жоқ. Бұл сайлауалды науқаны сияқты: уәде етілген нәрселер орындалмайды. Көгалдандыру жобасын қалай жүзеге асырасыздар?

- Біз Қожасай зауытының аумағына 4500 ағаш, биыл күзде тағы 3 мың түп ағаш отырғыздық. 98%-ы жерсініп кетті. Біз не уәде етсек,  орындаймыз. Мәселен, зауыт құрылысына тек жергілікті жұмысшылар алынады деп айттық - оны орындадық, қазір ол жерде 353 адам жұмыс істейді, - деді Сақтағанов.

Ескене станциясының тағы бір тұрғыны орнынан тұрып, екпінмен сөйледі:

- Біздің экономикамыз бен халқымыздың тұрмыс жағдайын Жапониямен немесе Еуропа елдерімен салыстыруға болмайды ғой. Біздің жалақымыз осы елдердегі тұрғындардың бір түскі асына тең. Әрі қарай өзіңіз есептеңіз. Сіздерден зиян келері сөзсіз. Бұдан басқа, зауыт салғыңыз келетін жер - малымыздың жайылымдық жері. Теміржолшының жалақысына күн көре алмайсың, ал станция тұрғындары азын-аулақ мал ұстайды. Ал енді малдың жайылатын жері болмайын деп тұр. Сіздерден көшіруді сұраймыз!

Сұрақ көп болды, жергілікті тұрғындар негізінен су, қоршаған ортаның ластануы, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Экология департаментінің өкілі жиналғандарға осы сұрақтар мен ұсыныстардың барлығы жобаны қарайтын сарапшылар кеңесіне жіберілетінін айтты.


«БӘРІМІЗГЕ НЕ БОЛАДЫ?»

Соңғы болып «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА сөйледі, ол сұрақ қойған жоқ, бірақ шағын ғана жалынды сөз сөйледі:

- Қайта өңделген газға қалай қол жеткіземіз? Ескенені шұғыл көшіру керек, оларды әр жұма мен сенбі сайын улайды. Олар пешпен жылытады, жол жоқ, медициналық пункт жоқ. Қазір экологиялық сараптама Қашаған бойынша алдын-ала ҚОӘБ-дан өтуде, NCOC компаниясы осы аймақтан тағы 3 зауыт салады. Біз осы техногендік жүктемеге төтеп бере аламыз ба? Жеріміз не болады? Тағы 3 зауытты қайда салады? Мен теңіз туралы жақ ашпаймын, олар теңіз каналдарын салып, құбыр жүргізбек. Бәрімізге не болады?

Шынында да, жаңа нысанды салған кезде әр инвестор өз шығарындысын ғана есептейді, бірақ ешкім оның жалпы көлемі бар екенін түсінгісі келмейді - бір аумақтағы көптеген ірі кәсіпорындар бір мезгілде шығарындылар тастаса қалай әсер етеді? Академик Мұфтах ДИАРОВ әртүрлі тыңдауларда жалпы шоғырланымдық әсер ету мәселесін көтерді, бірақ компаниялар үнемі оларда ШРК аспайтындығын алға тартады.

Қашағанды игеру туралы біздің жақында шыққан материалымыздың астына оқырмандардың бірі: «Мен екі нәрсені түсіндім: жұмыс болады – бұл жақсы, бірақ ол жерден отбасын көшіру керек», деп пікір қалдырыпты.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

25 желтоқсан 2020, 17:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.