Атырау, 14 қазан 03:17
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

«Рысқұлбековті білетінмін. Ол ешкімді өлтірген жоқ»

4 076 просмотра

Индер ауданы Елтай ауылының тумасы Нұртілеу ЖҰМАТОВ Алматыда 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін институттан шығарылып, қудалауға ұшырағандардың бірі.

Көп жыл өтсе де желтоқсан оқиғасы күні кешегідей Нұртілеудің есінде қалған. Бәрін рет-ретімен әңгімелеп берді. Елтай ауылындағы мектепті 1981 жылы бітіргенімен, ауылға жұмысқа орналасты. Одан кейін Отан алдындағы борышын өтеп келіп, өмірді көріп, ысылған Нұртілеу Алматы сәулет-құрылыс институтының дайындық курсына қабылданады. Бір жылдан кейін сол институттың «инженерлік жылугаз желілері мен желдеткіш жүйелері» мамандығына оқуға түседі. 1986 жылдың желтоқсанында Нұртілеу екінші курста оқып жүрген.

- Бірақ қазақ жастарының жаппай толқуы бейбіт митингке ұласады деп ойлаған жоқпыз. Көкірегімізде намыс оты оянғаннан басқа жастардай біз де алаңнан табылдық. Көкейімізде отаршылдық-әміршілдік жүйеге тек қарсы екенімізді білдіреміз, төбелес, ұрып-соғу болмайды деп ойладық. Ал үкімет болса әскермен митингті баспақ болып күш қолданып, қыздарымызды шашынан сүйрелеп, ұлдарымызды ұрып, өрт сөндіргіш машиналармен су шашып, біраз жастарды машинаға тиеп алып Алматының шет жағына қақаған қыста апарып тастауы оқиғаны шиеленістіріп жіберді. Түрме іші жастарға толды. Ондағы аяусыз қинау мен қорлықты көрді жастар, - деп еске алады Нұртілеу. - Алаңдағы бейбіт шеруге шыққандарды суретке түсіріп алып қудалау басталды. Сабақ жәйіне қалды. Алматыда жұмыс жасайтын әпкем Роза «Нұртілеу, суретке түсіріп алғандардың ішінде сен барсың, Алматыдан кет» деп хабар салды. Онсыз да сол кезде мені оқудан шығарып жіберген болатын. Мен Шевченкоға кетіп қалдым.

- Халық қаһарманы Қайрат РЫСҚҰЛБЕКОВ те сәулет және құрылыс институтында оқыған. Сіз оны білетін бе едіңіз?

- Иә! Біз бір курста оқығанбыз, араласып тұратынбыз. Қайрат тумысынан қарапайым, көпшіл, ар-намысты, ақындығы бар жігіт еді. Тіпті, оны аса қауіпті қылмыскер ретінде тануы бізді таң қалдырды. Ол ату жазасына кесілді, содан кейін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды, сөйтіп, түрмеде өлтірді. Бұл сот процестері қалай өтті, адамдарға қалай үкім шығарды – оны жақсы білемін, өйткені досым Қасым ӘБІЛХАЙЫРОВТЫҢ сотына куәгер ретінде қатыстым.

- Оны не деп айыптады?

- Қасым, мен, Қайрат Армияға барып келген, көргеніміз бар жігіттер едік. Алматы облысының тумасы Қасым салмақты, байсалды жігіт болатын. Оған тағылған айып - кесек лақтырып, біреуді жарақаттапты-мыс. Анасы, біздер сотқа бастан аяқ қатыстық. Қасым жәбірленушіге сұрақ қойды «Менің кесек лақтырғанымды анық көрдің бе?». Жәбірленуші көзімен көргенін айтты. «Кесекті қай қолыммен лақтырыппын?». Ол «оң» деді. Шындығында Қасым солақай жігіт болатын. Біз де, анасы да куәлік еттік. Бірақ сот оған қараған жоқ. Қасымды бес жылға бас бостандығынан айырып, соттап жіберді. Бастапқыда Шевченко (қазіргі Ақтау), кейін Сібір түрмесінде жазасын өтеген ол он жылдан кейін ақталып шықты.

- Оқудан шығып қалғасын өзің не істедің.

- Ауылға келсем қудалау бола беретінін ойлап, мен Ақтау қаласынан бір шықтым. Ешкімді танымаймын, бастапқыда сантехник болып жұмысқа орналастым. Үкімет басындағылар «наркоман, бүлікшіл» деп айыптағанмен желтоқсанның ақиқаты ашыла бастады ғой. 1988 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтының ректорына кіріп, жазықсыз оқудан шыққанымды баяндап шықтым. Ол түсіністікпен қабылдап, мені институттың кешкі оқуына ілестірді. Өз мамандығым бойынша еңбек еттім. Қазір бизнеспен айналысамын, «Нұреке Сервис» ЖШС директорымын. Жасым 57-ге келсе де сол желтоқсан ызғары көкірегімізде қалып қойды... Қаншама тағдыр талқыға түсті... Ол күнді ұмыту мүмкін бе.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

21 желтоқсан 2020, 16:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.