Кеше, 4 қаңтарда сағат 19.35-те «Атырау - Маңғышлақ» бағытындағы жолаушылар пойызының вагоны өртенді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Бүгін, 5 қаңтарда брифингте Атырау көлік прокуроры Болат ҚАЛЫҚОВ қазіргі кездегі қолда бар мәліметтерді ұсынды:
- Вагон составы Толтыр стансасынан 2 шақырым қашықтықта (Құлсары стансасынан 57 км қашықтықта) болған кезде өрт басталыпты. Құлсарыдан 3 өрт машинасы шығып, көмекке келген. Сондай-ақ, Жылыой ауданының ТЖ күштері жұмылдырылған. Составта 15 вагон болған, соңғы жағынан санағанда төртінші - №12 плацкарт вагоны өртенді. Алдыңғы 11 вагон мен соңғы 3 вагон бірден ағытылды. Пойызда бар болғаны 377 жолаушы, өрт шыққан вагонда 53 жолаушы болған. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. 12-вагон жолаушыларын пойыздың 11 вагоннан тұратын алдыңғы жағына қарай ауыстырып, маршрут бойынша пойыз қозғалысын жалғастырды. Теміржол тармақтары босағаннан кейін жолаушылары бар қалған 3 вагон тепловозға тіркеліп, сағат 23-те Бейнеу стансасына қозғалып, сол жерде негізгі составқа тіркелді.
Ал 12-вагонның түгі қалмай өртеніп кетті. Пойыздың жалпы кешігу уақыты 3 сағат 36 минут құрады. 15 адам өртеніп кеткен жеке бас құжаттары мен жүктерін қалпына келтіру туралы шағыммен хабарласыпты.
- Мүліктік зиян келтірілді. Арнайы комиссия құрылатын болады. Біз өз тарапымыздан өрттің шығу себебін тергеуге және қысқа мерзім ішінде тигізілген зиянды өтеуге барынша қолдау көрсетеміз (ҚТЖ ұлттық тасымалдаушыға жауап беруге тура келеді – З.Б.), - деді Қалықов. – Әзірге «Тиісті екі жолсеріктің орнына вагонда неліктен тек біреуі ғана болған, өртпен күрес қызметінің барлық талаптары орындалған ба?» деген сұрақтар бар. Алдын-ала жасалған болжам бойынша, өрт жолсерік купесінде болған, электр қалқанының тізбегі қысқа тұйықталған деп жорамалданып отыр. Алайда барлық сұрақтарға комиссия жауап береді.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, оқиға болған жерде арнайы қызметтер мен қызметтік иттер де жұмыс істеген.
Осы факт бойынша 7 қаңтарда Атырау стансасындағы ішкі істер желілік бөлімі 295-бап («Темір жол, әуе немесе су көлiгi қозғалысы мен оларды пайдалану қауiпсiздiгiнiң ережелерiн бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қалықовтың айтуынша, қазір өрт-техникалық сараптама жүргізілуде. Соның нәтижесі бойынша бұл іске қатысы бар тұлға анықталуы мүмкін.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА