Атырау, 14 қазан 07:39
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Облыстық мәслихаттың сессиясында: шығындарды азайту, балықтың жоғалу қаупі, кірісі мол «Сергек» туралы

4 149 просмотра
Артур СӘДІБЕКҰЛЫ

Атырауда облыстық мәслихаттың 49-сессиясы өтті. Негізінен бюджет пен балық шаруашылығы саласындағы ахуал мәселесі қозғалды.

Бірінші болып экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Азамат СӘЛІМБАЕВ сөз алып, бюджеттегі өзгерістерге тоқталды. 1 желтоқсандағы ахуал бойынша облыс қазынасына 353,9 млрд теңге түсті, бұл - осы жылдағы жоспардың 90,5%-ы.

- Карантин шектеулеріне, мемлекеттік сатып алудың тоқтатылуына, қала жолдарын қалпына келтіруді және жұмыспен қамтуға арналған жол картасын қаржыландыруды қайта қарауға байланысты бюджеттің шығыс бөлігін 3 млрд 864 млн теңгеге қысқарту ұсынылды, - деді А.Сәлімбаев.

Алдағы үш жылда облыс бюджеті былай жоспарланған: 2021 жылы 406,4 млрд теңге және ккейінгі екі жылда әрқайсысы 416,1 млрд теңгеден.

- Шығындар бөлігінің басымдығы - адами капиталдың сапасын жақсарту, қол жетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті, жұмыспен қамтуды, қолжетімді баспана және инфрақұрылымды дамыту, - деп атап өтті Сәлімбаев.

- Маған аудандардағы педагогтарға 5 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленбейтіндігі айтылды. Облыс орталығында мұндай проблема жоқ, - деген залдан сұрақ қойылды.

- Бұл ақша төленуі керек, сіздің сұрағыңыз бойынша анықтайтын боламыз. Бұдан басқа, біз әлеуметтік көмек мөлшерін көбейту бағытында қайта қарауды ұсынамыз, басқа аймақтардағы педагогтарға қандай мөлшерде төленетінін зерттейміз, - деп жауап берді облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА.

Мәслихат хатшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН ауылдық жерлердегі кадр мәселесін көтерді:

- Ауылдарда білім беру және денсаулық сақтау саласында мамандар жетіспей жатыр. Неліктен? Өйткені, жастар ауылға барғысы келмейді. Сондықтан әлеуметтік қолдауды арттыруымыз керек.

Бұдан басқа, оның айтуынша, келесі жылы кәсіпорындардың қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемі 495 млн теңген болады - бұл өте аз, оның мөлшерін көбейту керек.

- Ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге қарастырылған. Бұл да жеткіліксіз. Біз бұған дейін Атырау қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Астрахань-Маңғышлақ құбырынан резервтік су көзін қосуды ұсындық. Бізде су тазарту қондырғысы жөнделген немесе тоқтатылған жағдайда су қоры жоқ, - деді Зинуллин.

ЖАЙЫҚ, ТЕҢІЗ ЖӘНЕ БАЛЫҚ

Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫНЫҢ баяндамасына сүйенсек, өңірімізде 18 табиғат пайдаланушы балық аулаумен айналысады. Ақпаннан қарашаға дейін 12 671 тонна балық ауланды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 646 тоннаға артық.

- Бұл салада 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Табиғат пайдаланушыларда 722 бірлік техника бар, олардың барлығы дерлік ескі, тозығы жеткен. Ал мемлекет тарапынан флотты жаңартуға қолдау көрсетілмейді.

Сәдібекұлы материалдық базаны жақсарту және қуаттылықты арттыру мақсатында үкімет деңгейінде Жайық-Каспий және Атырау бекіре балығын өсіру зауыттарын біріктіру мәселесі қарастырылып жатқанын баса айтты. Балық өңдеуді субсидиялау мәселесі де қарастырылуда, бүгінде ол негізінен мұздатылған түрінде экспортталады.

Ол Жайықтың таяздану проблемасына да тоқталып, тереңдету жұмыстары жалғасады деген сенім білдірді.

Депутат Оразғали ҚАРШЕГЕНОВ:

- Сіз тереңдету жұмыстары жүріп жатыр, оған көп қаражат бөлініп жатыр дейсіз. Бірақ шын мәнінде бәрі басқаша. Балық Жайыққа кіре алмайды, барлық арна бітелген. Сіздер балықшыларға Жайықта балық аулауға рұқсат бересіз, бірақ олардың бәрі теңізге шығады. Азғана тарихына тоқталсақ: 1957 жылы балық аулау кеңшарлары теңізден емес, өзеннен балық аулау үшін Манаштан Дамбыға, Амангелдіге, Құрманғазы ауылдарына көшірілді. Бірақ қазір бәрі теңізде. Бұлай жалғасса балық мүлдем қалмайды. Ұрпағымызға не қалдырамыз?

- Тереңдету жұмыстарын құрылыс басқармасы бақылайды. Жұмысты жалғастыру үшін 2019 жылы Жайық пен Қиғаш өзендеріне кешенді зерттеу жүргіздік. Құжаттар дайындалып, сараптамаға жіберілді, - деп жауап берді Артур Сәдібекұлы. - Иә, өзеннің тайыздалуы өте күрделі мәселе. Биыл ірі көлемді кемелердің өтуі үшін тереңдету жұмыстарын KPI компаниясы жүргізді, нәтижесінде балықтар өзенге шықты. Теңізде балық аулауға келетін болсақ, бізде балық негізінен сол жерде, сондықтан министрлікпен бірге теңізде балық аулау лимитін көбейту мәселесін қарастырып жатырмыз.

«СЕРГЕК» - БЮДЖЕТТІҢ ДОСЫ

Әсет ОРАЗҒАЛИЕВ

«Сергек» ақылды бейнебақылау жүйесі қосылғалы, дәлірек айтсақ, 10 қыркүйектен 25 қарашаға дейін 23 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелді, салынған айыппұл мөлшері 190 миллион 751 мың теңге. Бұл туралы өз сөзінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Әсет ОРАЗҒАЛИЕВ мәлімдеді.

- Осы уақыт ішінде жол-көлік оқиғаларының саны 27% азайды, - деді ол. - Осылайша, алдағы 5 жылда біз жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімді 41%, әкімшілік құқық бұзушылықты 17%, қоғамдық орындардағы қылмыстарды 38%-ға азайтуды жоспарлап отырмыз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

11 желтоқсан 2020, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.