«Ресей Федерациясы Конституциясының 89-бабы «а» тармағына сәйкес, 1948 жылы Францияда дүниеге келген Жерар Депарьде Ксавиенің Ресей Федерациясы азаматтығына қабылдау туралы өтiнiші қанағаттандырылсын», - делінген құжатта.
Есте болса, әртіс француз азаматтығынан 16 желтоқсан күні бас тартты. Бұған елдегі социалист Франсуа Олланд үкіметінің кіріске 75 пайыз салық енгізу туралы бастамасы түрткі болып отыр. Кейін Францияның бірқатар шенеуніктері Ж.Депардьенің бұл қылығын «лайықсыз» деп бағалап, жерден алып, жерге салып, жазғырған да болатын.
Есесіне Ж.Депардье ашықхат жолдап, енді оның премьер-министрмен ортақ елі жоқ екендігін, сонымен қатар ол өзін нағыз еуропалық және әлем азаматы деп санайтындығын жазған. Содан кейін көп кешіктірместен әртіс Бельгиядан жылжымайтын мүлік сатып алды. Сонан соң БАҚ-та, Ж.Депардье Черногорияға немесе Ресейге көшіп келу ниеті бар екендігін хабарлады. Бұл ақпаратты одан әрі қыздыру үшін Ж.Депардье тіпті Ресей Федерациясының төлқұжатын В.Путиннің өзі салып жібергендігін айтып қалжыңдады. 20 желтоқсан күні РФ президенті баспасөз мәслихаты барысында осы оқиға жайында өз пікірін берген болатын. «Егер Жерар тұрғылықты жерін Ресейге ауыстырғысы келсе немесе ресейлік паспортты алуға ынтасы болса, бұл мәселе оң шешілді деп санай беріңіздер», - деді В.Путин. «Біз Жерармен көп жолығып тұрмасақ та, арамызда достық бар. Мен оның Францияны, француз мәдениетін қаншалықты қатты сүйетінін білемін. Суретшіні әркім-ақ ренжіте алатыны белгілі ғой. Билікпен арадағы түсініспеушіліктің салдарынан, қазір Жерар Депардье өз өмірінде қиын кезеңдердің бірін өткеруде», - деп атап өтті РФ басшысы.
«Сән-салтанат салығын» енгiзу Ресейде әлденеше рет талқыланған болатын. Алайда бүгінгі таңда бұл елде байлар басқа адамдармен бірдей деңгейде - 13 пайыз салық төлеп келеді.
Дереккөз: inform.kz