Атырау, 29 қараша 17:45
 ашықВ Атырау -4
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Спорт жаңалықтары

2 227 просмотра

Ақмарал олимп етегінде

Атыраулық спортшылар Салтанат Шапабаева мен Ақмарал Шамшиденова ҚР Қарулы күштеріне 20 жыл және Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 90 жыл толуына орай 1997-98 ж.т. қыздар арасында өткен республикалық бокс турнирінде қола жүлдегер атанды.

Екеуі де бір-бірден жеңіске жетіп, жартылай финалда ұтылып қалды. ҚР ұлттық құрамасының аға бапкері, 1996 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Болат Ниязымбетов олардың тым тәуір техникалары мен шыдамдылықтарын атап өтті. Салтанат пен Ақмарал 15 қаңтарда Талдықорғанда басталатын ұлттық құраманың жаттығу жиынына шақырылды. Сондай-ақ, Ақмарал ҚР Олимпиадалық дайындық орталығына ілікті, яғни  алға қарай жарыстарға республикалық бюджет есебінен баратын болады.

***

Қоштасу матчы

Бапкер Михаил Звягин мен балалар бапкері Владислав Хромых «Бейбарыс» хоккей клубынан кетті.

Звягин павлодарлық «Ертістің» жаттықтырушылар штабына ауысты, ал Хромых халықаралық хоккей лигасында өнер көрсететін ресейлік «Спутник» клубының балалар командасын жаттықтыратын болады.

Атырау хоккейі үшін көп нәрсе жасаған осы адамдардың құрметіне Мұз айдынында қоштасу матчы ұйымдастырылды. Осы үшін «Фантом», «Прикаспиец», «Атырау-Жарық», «ҚМГ-Бұрғылау» және «Аджип» әуесқой командаларының ойыншылары «Хромых достары» және «Звягин достары» деген екі командаға бөлінді. Негізгі уақыт 9:9 есебімен аяқталып, буллиттен кейін де жеңімпаз анықталмады. Достық жеңіске жетті. Ойын қызықты өтсе де, көңілде кірбің қалды, бәрінен де көп мұңайған Владиславтың 8-10 жасар балғын шәкірттері болды.

***

Бәсекеге «Бейбарыстың» бар таласы

Хоккейден Қазақстанның тұрақты чемпионатының бірінші кезеңіндегі соңғы екі ойында атыраулық «Бейбарыс» «Астана» командасын ұтты.

Тең жартысы өткен чемпио-наттың нәтижелері бойынша еліміздің соңғы чемпионы 10 орынның 7-шісіне аяқ тіреді. «Бейбарыстың» дәл осындай әлсіз ойыны бұрын болмаған еді. Маусым басында командадан кетіп қалған Андрей Смирнов, Роман Теслюк, Михаил Паньшин (суретте) сынды ойыншылардың жоқтығы сезіліп-ақ тұр.

Бүгінгі күні көшбасшы павлодарлық «Ертіспен» арадағы алшақтық - 26 ұпай. «Мәмлүктердің» басты қарсыласына жете алмайтыны белгілі. Алайда, плей-офф бәсекелеріне қатысуға барлық мүмкіндіктер бар.

«Бейбарыс» пен 9-орында келе жатқан «Казцинк-Торпедо-2» командасының арасындағы алшақтық – сол 26 (тұрақты чемпионат біткен соң, 10 команданың 8-і жарысты жалғастырады). Плей-оффта әлсіздеу командаға тап болу үшін кестедегі жоғары орындарға таласу керек.

***

Астанада таэквондодан ҚР Парламентінің Кубогі өтті

Осынау беделді жүлде үшін 140 спортшы бақ сынасты. Атыраулықтар арасынан өз салмақ дәрежесінде Жұлдыз Бүркітова турнир жеңімпазы атанды, күміс алқа Үмбет Шәкиев пен Сабина Андироваға бұйырды. Қола жүлдені Рысжан Ибатова, Сәттіғұл Сабыров, Эльдар Базарбаев және Дастан Мұратов иеленді. Жалпы командалық есеп бойынша турнир қожайындары жеңіске жетті.

***

Дан берілді

Алматыда  грандмастер, оңтүстік кореялық қара белдік иегері (9 дан) Ли Ченг Кванның қатысуымен халықаралық семинар болып өтті. Оған 100 шақты жаттықтырушы мен мықты деген спортшылар қатысты. Дәрістен кейін олар пумзе (көлеңкемен күрес) және керуги (шынайы белдесу) бойынша қара белдік алуға емтихан тапсырды. ҚР еңбек сіңірген бапкерлері, 3-дан иегерлері атыраулық Бауыржан ТӨРЕБАЕВ пен Мұстахим ҚАБДРАШЕВ Қазақстанда таэквондоны дамытуға қосқан үлестері үшін кезектен тыс 5-дан белдігін иеленді. Атыраулықтар Жұлдыз Мақұлбековаға, Үмбет Шәкиевке, Серікбай Батырға, Жанар Төлеуоваға, Алена Дәуешева мен Данагүл Сағынғалиеваға 1-дан берілді.

***

Маусым қорытындысы

Облыстың футбол федерациясы 2012 жыл маусымын қорытындылады.

Құрманғазы мәдениет үйіндегі марапаттау рәсімінде футболдан Х қала чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері - «Матин», «АНПЗ» және «Мұнайшы» командаларына кубоктар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, «Мұнайшы» 2012 жылғы қала кубогының иегері болып табылады.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

3 қаңтар 2013, 16:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.