«Тамқала петроглифтері» монетасыЖаңа жыл қарсаңында ҚР Ұлттық банкі коллекционерлерді күміспен таңқалдырмақшы – оның тапсырысымен мәнет сарайы қымбат металдан бес жаңа монета соғып шығарды.
Ұлттық банкіге жақында алған үздік дизайнды банкнот авторы деген атағы ұнап қалса керек, енді ол монета дизайны мен соғу ісінде де марапатқа ие болуға әзір. Ұлттық банк айналымға шығарған күміс монеталар - «proof» сапасымен жасалған (пруф – ағылшын тілінен proof – беті айнадай тегіс және онымен қарама-қайшылық реңк беретін күңгірт рельеф суреті бар жоғары сапалы монета).
Пруф сапалы бұйымдар бетінде ойылып салынған кертік, қабыршақтар, көрінер-көрінбес бұдырлар, тіпті жай көзге байқалмайтын жырық та болмау керек. Сондықтан да мұндай бұйымдар, негізінде, арнайы капсулаға салынады. Жалпы, пруф технологиясы бойынша бағалы металдардан жасалған ескерткіш монеталар шығарылады.
Бұлардың екеуі 100 теңгелік номиналмен шығарылған: бұлар – «Ұлы қолбасшылар» сериясынан «Сұлтан Бейбарыс» (925-сынамалы күмістен 15 мың дана тиражбен жасалған), сондай-ақ, «Жойылып бара жатқан және сирек кездесетін жануарлар» сериясынан «Ақ ләйлек».
«Ақ ләйлек» шақасы монеталар үшін ерекше түрде – сопақша қалыпта соғылған. Монетаның сырт бетінде бұлт басқан тұрағында қанат қаққан ақ ләйлектің алтын жалатқан суреті бейнеленген. Ең үлкен тиражы – 15 мың дана.
Ұлттық банктің түсіндірмесінде, «Ақ ләйлек» және «Сұлтан Бейбарыс» монеталары ҚР Ұлттық банкі, «Польшаның мәнет сарайы» АҚ және «Қазақстан мәнет сарайы» КМК арасындағы монеталарды шығару мен сатуға жасалған келісімге сәйкес дайындалған. Құжатқа сәйкес Польшаның Мәнет сарайы Қазақстаннан тыс жерлерде тарату немесе сату үшін Ұлттық банктан монеталарды сатып алады. Қазақстан ішінде коллекциялық бағамен өткізу үшін Ұлттық банкінің өзінде әр атаулы монетадан 5 мың данадан қалдырылды.
Сондай-ақ айналымға алтын жалатқан және тампонмен әрлеген «Республика игілігі» сериясынан «Тамқала петроглифтері» мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл және ҰҚШҰ құрылғанына 10 жыл толуына арналған күміс монеталар шықты. Екі шақа да 500 теңге номиналымен «proof» сапсында жасалған.
«Тамқала петроглифтері» монетасының ең басты ерекшелігі – оның төрт қырлылығы. Шақалар 925-сынамалы күмістен, 5 мың дана шығарылған. «ҰҚШҰ» монетасы 925-сынамалы күмістен, 2 мың дана жасалған.
- Жаңа монеталарды Ұлттық банктің Атырау филиалынан алуға болады, - дейді ҚР ҰБ Атырау филиалының қолма қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімінің бас маманы Әйгерім БИСЕНҒАЛИЕВА.
- Осы ерекше монеталар кімдерге арналған?
- Бұларға, ең алдымен, нумизматтар қызығады. Сондай-ақ, артық қаражаттарын құнын жоймайтын бағалы металдарға салғысы келетіндер де алады.
- ҚР Ұлттық банкінің ең қымбат монетасы қандай?
- Бұл VII Азия ойындарына арналған 50 мың теңге номиналды алтын коллекциялық монетасы. Оның салмағы үлкен, 999,9 сынамалы 1 килограмм алтыннан жасалған. Шақаның құны 9 млн теңгеден жоғары. 500 теңге номиналды, салмағы 5 унции алтыннан жасалған «Алтын барыс» инвестициялық монетасының бағасы алтынның Лондон биржасындағы ағымдағы құнына байланысты 1,300 млн теңгеден жоғары. Жалпы, барлық инвестициялық монеталардың сату құны алтынның биржалық құны сияқты күн сайын өзгеріп отырады.
- Сатып алушылар бар ма?
- Иә, сатып алушыларымыз бар. Сыйлық ретінде алатын адамдар бар, біреулер балаларына мұраға қалдыруға жинайды, шетелдіктер сатып алады, әрине, коллекцияшылар да бар.
- Осы монеталардың құны, егер оларды материалдық активтер ретінде қарастырсақ, уақытқа байланысты өзгере ме?
- Әрине, әр жыл сайын бағалы металдар қымбаттайды. Мысалы, бұдан бірнеше жыл бұрын біз көздерінің орнына бриллиант салынған барыстың бейнесі бар монетаны 37 мың теңгеге саттық. Белгілі бір уақыттан кейін екінші деңгейлі банктердің біреуі оны 100 мың теңгеге өткізді. Жоғарыда айтып кеткен 9 миллионның шақасын басқа бір коммерциялық банк 13 млн теңгеге сатқан.
- Мұндай мәмілелер заңды ма?
- Иә, ЕДБ-тер заң бұзып отырған жоқ.
- Жаңа монеталардың салмағы мен құны қандай?
- Олардың ішіндегі ең ірісі - күміс «Тамқала петроглифтері» монетасының салмағы 50 г, бағасы 11800 теңге. Осы бестіктің ішіндегі ең қолжетімдісі – «Ақ ләйлек», ол 5800 теңге тұрады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА